Жапон деликатесі қазақстандық жылқы етінен жасалады

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстан және Жапония қазақстандық жылқы етін жапон нарығына шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Оның нәтижесінде жылқы етінен «басаши» деп аталатын деликатес дайындалатын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Жапондықтардың пікірінше, жылқы еті сиыр етінен гөрі әлдеқайда пайдалы және онда ішек таяқшалары кездеспейді. Жылқы етінің құрамында ақуыз бен линол қышқылы мол, алайда калориясы аз. Бұдан өзге, жылқы еті адам өмірін ұзартады. Демографиялық зерттеулер үнемі жылқы етін ғана тұтынатын Жапонияның Нагано перфектурасы тұрғындарының әлдеқайда ұзағырақ өмір сүретінін дәлелдеген: орташа өмір сүру ұзақтығы ерлер үшін -80,88, әйелдер үшін - 87,18.

Жылқы етін Қазақстаннан күншығыс еліне жеткізуді ұйымдастыру мәселелері 2019 жылдың 14 маусымы күні ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев және Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Такуми Немото арасында талқыланды.

Тараптар сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде 2018 жылдың 25 қазанында Астана декларациясы шеңберінде қол қойылған алғашқы медициналық-санитарлық көмектің алдағы перспективаларын талқылады.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстан-Жапон тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 54% -ға артқанын білдіреді (1,3 млрд доллар).

Автор: Садық Әкежанов

Соңғы жаңалықтар