Жапатармағай ПТР тестін тапсыру дұрыс емес - инфекционист дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирус инфекциясына қарсы тестілеуді орнықты жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде ауырған адамдар саны, әсіресе, симптомсыз науқастар саны өсе бастады. Оған ТЖ режимінің алынуы, карантинді жеңілдету себеп болды. Өзіміз де эпидемияға қарсы шарттарды қолданбай кеттік. Сондықтан, қазір вирус жұқтырғандар саны өсіп барады. Бірақ, оған еш қорқыныш, дүрбелең болмауы керек. Себебі, 100 адам ауырса, оның 80 пайызы жеңіл немесе симптомсыз түрде өтеді. Ал 15 пайызы орташа және ауыр, 5 пайызы – аса ауыр түрде түседі», - деді маман Фейсбук желісінде өткен онлайн сұхбатта.

Оның айтуынша, ауру саны өсе түскеннің өзінде де симптомы жоқ адамдар қорықпауы керек. Шамамен 7 күнде ауру бәсеңдейді, содан кейін тағы 7 күн үйде жатып, сауығып шығу керек.

«Науқастардың 70 пайызы тестілеу арқасында табылды. Мұнда ПТР тестілеуді де дұрыс жүргізу керек. Мысалы, үлкен компанияда қарым-қатынаста болған қызметкерлеріне тест жүргізіледі. Ал жай адамдардың беталды тесттен өтуі дұрыс емес. Уақыт пен ақшаны жұмсап, тест тапсырасыз. Одан кейін тасымалдаушымен кездесіп, ауру жұқтырып, ПТР нәтижем теріс еді ғой деп, ауруға мән бермейсіз. Сондықтан, жапатармағай ПТ Р тапсырмай тұрып, дәрігермен ақылдасу керек», - деді Д. Баешева.

Қазір жаз мезгілінде суық су ішетіндер көп, ауа баптағыштан да салқын тиеді. Содан суық тиюі де мүмкін.

«Әрине, дене қызуы, жөтел байқалып, туыстарыңыз КВИ-мен емханада жатса, коронавирус туралы ойлануға болады. Мұнда Жедел жәрдемге немесе тіркелген емханадағы дәрігерге хабарласып, ақылдасуыңыз керек. Бізді емдеңіз деп, 80 пайыз жеңіл түрде өтетін науқастар емханаға жатып алсақ, ауыр түрде өтетін науқастар шетте қалып қояды. Сондықтан, дүрлікпеу керек», - деді Динагүл Баешева.


Соңғы жаңалықтар