Жантүршігерлік жол апатынан аман қалған жігітті дәрігерлер үйіне жіберді
Toyota Ipsum көлігінің 24 жастағы жүргізушісі №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
«Жігіттің дене мүшелерінің жұмсақ тіндері жеңіл жарақаттанған. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілген соң амбулаторлық емдеуге үйіне жіберілді», - деді денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметінен.
Айта кету керек, жантүршігерлік жол апатының мән-жайын қазір полиция анықтап жатыр, оқиға кеше түнде болды.
Рысқұлов көшесімен оңтүстікке бет алған Mercedes-Benz қарама қарсы келе жатқан Toyota Ipsum көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Toyota Ipsum көлігінің екі жолушысы, Mercedes-Benz жүргізушісі оқиға болған жерде қаза тапты.
«Қазіргі таңда ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тергеу барысында бірқатар сараптама тағайындалады», - деді қалалық ІІД басқарма басшысы Рустам Абдрахманов.