Жансын, қирасын, формаларыңды шешіңдер- Шымкентте бұзақылар өрт сөндірушілерге осындай талап қойған
2022 жылғы 18 қаңтар 22:21

Жансын, қирасын, формаларыңды шешіңдер- Шымкентте бұзақылар өрт сөндірушілерге осындай талап қойған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Шымкентте болған жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақылар өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіріп, өздеріне қарсы шабуылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполоковнигі Қуаныш Арсланов алаңдағы шыққан өрттерді жеке құрамның қиындыққа қарамай, қалай сөндіргендерін айтып берді.


«Сөндірмейсіңдер, жансын, қирасын, өздерің формаларыңды шешіңдер де біз жаққа өтіңдер» деген бұзақылардың талаптарына жеке құрам көнбеді. Бірақ антына адал азаматтық қорғау органының қызметкерлері еш тойтарысқа қарамастан өз міндеттерін атқарып, соңына дейін күресті» -дейді ол.

Қалалық әкімшіліктің алдында алғашқы көлік өртенгенде өрт сөндірушілер бірден сөндірмек болған. Көліктерімен оқиға орнына жақындағанда аспаннан тас қарша борапты. Сондай-ақ қолдарында қарулары бар бір топ адам шабуылдап, өмірлеріне қауіп төндірген.

Жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірге жүрген басшылық шиеленісті барынша тоқтатып, бұзақылармен келіссөз жүргізген.

«Отқа оранған көлік әкімшілік ғимаратқа тым жақын орналасқан еді. Сондықтан көпқабатты ғимаратқа өрт тарап кету қауіпі туындады. Бұзақыларға тойтарыс бере жүріп, дер кезінде сөндірдік. Кейіннен жеңіл көліктер, автобустар өртке оранды. Тіпті мереке кезінде қойылған жасыл шыршаға дейін өрт қойылды. Ал «Көрме орталығы» өртке оранған кезде адамдардың көптігінен ғимаратқа өту қиын болды. Бұзақылар да өртті сөндіруге жол бермейтіндерін айтты. Алайда, полиция департаментінің арнайы жасағы көмекке келді. Осылайша аумағы 260 шаршы метрді құраған орталықтағы ауқымды өрт сөндірілді»-дейді Қ.Арсланов.

Жалпы жаппай тәртіпсіздіктен 5 өрт сөндіру автокөлігіне тас тиген.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT