Жансейіт Түймебаев түркістандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Оңтүстік филиалы директоры Құдайберген Сейтмамбетовпен кездесті. Тараптар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының бағыттарын сөз етіп, кредиттік тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қолжетімді баспана мәселесін шешу жағдайлары сөз болды. Аталған банктің өңірлік жетекшісі саладағы атқарылған бірқатар жұмыстардың барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Оңтүстік филиалы «Баспана» мекемесімен қол қою шараларын жүргізуде. Ағымдағы жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап банк ұжымы «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстарды іске асыра бастайды.

Сонымен бірге, басқосуда Құдайберген Сейтмамбетов әкімге облыс тұрғындары үшін өте тиімді де, ыңғайлы болатын ұсынысын жеткізді. Алғашқы салымсыз-ақ, баспаналы болуға болатын жобада қарапайым халықтың жағдайы ескерілген. Мұнан бөлек, банк өкілдері әкімдік тарапынан тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қолдау көрсетуді сұрады.

Осынау ұсыныс, тілектерге қаныққан аймақ басшысы, ең бастысы, баспаналардың қолжетімді болуы қажеттігін атап өтті. «7-20-25» бағдарламасын өңірде мықтап қолға алу үшін түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуді тиісті басқарма басшыларына тапсырды.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «7-20-25» бағдарламасын облыста іске асыру мақсатында Түркістан қаласында құрылыс компаниясы «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 6 көпқабатты тұрғын үйдің (288 пәтер, 15,6 мың ш.м.) құрылысын бастаған болатын. Бұл пәтерлерді 2019 жылы пайдалануға тапсыру жоспарланып, барлық үйлерді «7-20-25» бағдарлама арқылы тарату көзделуде. «7-20-25» бағдарламасы арқылы салынған тұрғын үйлерді тарату облыстың Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығының мәліметіне сәйкес 2019 жылы облыс орталығы - Түркістан қаласында банктің облыстық филиалы ашылатын болады.

Соңғы жаңалықтар