Жансейіт Түймебаев: Президент Жолдауы - заман талап еткен нақты әрекеттердің бағдарламасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Жолдаудың Парламент сессиясының ашылуында жариялануы жаңа саяси маусымның басталуымен тұспа-тұс келді және онда Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы бастамалар мен ұсыныстар қамтылған.

«Ең алдымен Президент саяси жүйенің эволюциялық дамуына тағы да назар аударды. Жүйесіз либерализация ішкі саяси жағдайды тұрақсыз етіп, мемлекеттілікті жоғалтуға дейін әкеп соғады. Сондықтан, саяси реформаларды бірізді, тұрақты жүргізу жолын таңдаймыз. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қоғамдық-саяси реформалардың қажеттігін айтты. Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет мақсатына ұмтылуымыз қажет», - деді Ж. Түймебаев.

ҚХА өкілі азаматтардың сұранысына жедел жауап беретін «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндетін де еске салды. Оның пәрменді механизмдерінің бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін атады.

«Сонымен бірге, Президент қоғамда резонанс тудырған оқиғаларға үн қатты. Ол Парламент пен Үкіметке жыныстық зорлық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Жолдауда халықты толғандырған көптеген сұрақтарға жауап берілді. Бұл – заман талап еткен нақты әрекеттердің бағдарламасы. Енді қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерін тартып, құқықтық, ұйымдастыру және өзге де қажетті жағдайды жасау маңызды», - деді Ж. Түймебаев.




Соңғы жаңалықтар