Жансейіт Түймебаев Молдова елшісімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Молдова Республикасының Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Андрей Негуцамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елші Нұр-Cұлтан қаласындағы Достық үйі мен ҚХА этномәдени бірлестіктердің қызметімен танысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары ассамблея тарихын баяндады және 2007 жылдан бері жоғарғы заңнамалық органға 9 депутат сайлайтын конституциялық құқық иеленгенін атап өтті.

Қазақстанда жалпы саны 1025 этномәдени бірлестік, 40 Достық үйі жұмыс істейді. Отбасында толеранттылықты сіңіру үшін барлық өңірде Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңесі құрылған. 209 мектепте ұлттық оқыту тілі қолданылады, оның ішінде 24 мектеп өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде толық оқытады және 139 мектеп аралас тілде білім береді.

Орыс, ұйғыр, корей, неміс, өзбек театрлары жемісті еңбек етуде. Ұйғыр, кәріс және неміс театрлары 2017 жылы академиялық дәреже алды. Одан бөлек, Қазақстанда этномәдени бірлестіктерден 52 БАҚ 15 тілде тіркелген.

«Қазақстанда 15 мыңға жуық молдован бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Біз олардың тілі мен мәдениетін құрметтейміз. Жексенбілік мектептер мен үйірмелерде жиналып, өз тілі мен салт-дәстүрлерін дамыта алады», - деді Ж. Түймебаев.

Өз кезегінде елші А.Негуца Қазақстандағы молдавиялық диаспораның мемлекеттік саясатты қолдайтынын және оларға бар жағдай жасалғанын атап өтті.

«Қазір Молдова диаспорасы бюросының жетекшісі байқауы аяқталып қалды, бұл - Молдова үкіметі жанындағы агенттік. Мұнда жетекшімен бірге бюроның тұтас ережесі өзгереді. Дәл осы бюро көп септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді А. Негуца.

Оның айтуынша, Молдова мен Мәскеуден шығармашылық тұлғаларды шақыру арқылы Қазақстандағы молдавиялық диаспорамен мәдени байланысты арттыру жоспарланып отыр.

ҚХА баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 500-ге жуық румындықтар мен 15 мың молдовандар тұрады.

Қазақстандағы румын-молдован қауымдастығы 2002 жылы Алматы қаласында құрылған. Қауымдастық құрамына молдовалық «Стругураш» мәдени орталығы (Алматы қаласы), «Дакиа» румын мәдени қоғамы» ҚБ (Қарағанды облысы) және «Буковина» румын-молдаван этномәдени бірлестігі» (Павлодар облысы) кіреді.


Соңғы жаңалықтар