Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылғы 5 ақпан күні «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі Басқарма төрағасы - ректор лауазымына үміткер болған кандидатураларды қарастырды.

Аталған лауазымға үміткерлер ЖОО дамыту бағдарламаларын дайындап, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде конкурсқа қатысқан бірнеше үміткердің ішінен Жанар Амангелдіқызы Темірбекова мен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың кандидатурасы Республикалық комиссияның қарауына ұсынылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық өткен Республикалық комиссия Директорлар Кеңесі ұсынған кандидаттармен әңгімелесу өткізіп, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - ректоры лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты таңдады.

Айта кетейік, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз директор ретінде Рахман Алшанов, Күнсұлу Зәкария, Нұрлан Смағұлов, Еркін Тәтішев, Арманжан Байтасов және басқа азаматтар кіреді.

Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

1980 ж. – С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Филолог» мамандығы бойынша бітірген.

2000 ж. – Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің зан факультетін бітірген, филология ғылымының кандидаты.

1980-1993 жж - Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, доцент.

1993-1994 жж. – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім бастығы.

1994-1997 жж. – Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің екінші, бірінші хатшысы.

1997-1999 жж. – Қазақстан Республикасы Президенті протокол қызметінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы.

1999-2004 жж. – ҚР Президенті протоколының жетекшісі.

2004-2006 жж. – Қазақстан Республикасы Президенті протоколының жетекшісі - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2006-2007 жж. – ҚР Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.

2007-2010 жж. – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.

2010 жылдан – Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі.

2016 жылғы 6 қазаннан 2018 жылдың маусымына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.

2018 жылдың 20 маусымынан – 2019 жылдың 28 ақпанына дейін– Түркістан облысының әкімі.

2019 жылдың 28 ақпанынан – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының басшысы.

Мемлекеттік нагардалары: «Құрмет» және «Парасат» ордендері, медальдар иесі.


Соңғы жаңалықтар