Жансель Дениз әлем чемпионаты қарсаңында жарақат алып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таеквондодан Қазақстан командасының үздігі, Азия ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз әлем чемпионаты қарсаңында жарақат алып қалды. Десе де, талантты спортшы жарақатына қарамастан әлемдік додаға қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, әлем чемпионаты 10-20 мамыр аралығында Ұлыбританияның Манчестер қаласында өтеді. Аталған лицензиялық додаға Қазақстан толық құраммен қатысуды жоспарлап отыр.

Бүгінде қазақстандық таеквондошылар Оңтүстік Кореяда бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Ал 73 келіде бақ сынайтын Жансель Дениз құрама спортшыларының қатарына енді қосылмақ. Бұған спортшының күтпеген жерден жарақат алып қалуы себеп болған.

«Германиядағы турнирден елге оралып, дереу жаттығуды бастап кеткенбіз. Дайындық кезінде тіземді жарақаттап алдым. Содан бері бір айдай емделіп, жаттығу жиындарынан сырт қалған жайым бар. Біздің команда он шақты күннен бері Кореяда дайындалуда. Мен олардың қатарына жақын арада қосыламын. Әлі екі-үш апта бойы емделуім қажет еді. Бірақ уақыт тығыздығына байланысты жолға шығып барам. Манчестердегі әлем чемпионатына жарақатыма қарамай қатысамын деп шештім. Өйткені, бұл өте маңызды турнир. Оның үстінде, мен ең бірінші жарыс күнінде сынға түсемін. Дайындығым ойдағыдай болмаса да, әлем чемпионатында барымды саламын», - дейді Жансель.

Айта кетелік, Жансель Дениз биылғы маусымдағы рейтингілік турнирлердің барлығында да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Соңғы жаңалықтар