Жансақтау бөліміндегі әр ананың өмірі қымбат – ақтөбелік мейіргер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік Салтанат Серікбаева – жас маман. Ол алғашында учаскелік мейіргер болса, қазір жансақтау бөліміндегі жас аналарға қамқорлық көрсетіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанат Ғайсақызы Темір ауданы, Кеңқияқ орта мектебінің 9-сыныбын бітіріп, Ақтөбе медицина колледжіне оқуға түсті. Мамандығы – мейіргер. 2012-2016 жылдары аралығында білім алып, өңірдегі емдеу мекемелерінде тәжірибе жинады. Ал 2016 жылдың күзінде №4 қалалық емханаға жұмысқа орналасты.

«Жас маман үшін еңбек жолын бастаған кезде білікті тәлімгердің болғаны маңызды деп ойлаймын. Оқу бітіріп, қолға диплом алған кезде учаскелік мейіргердің жүгін түсінбедім. Алдымен тұрғындармен танысып, олардың медициналық картасын толтырдым. Маған кесте бойынша тұрғындарды скринингке шақыру міндеті қойылды. Әрқайсысына хабарласып, өтішін жасаймын. Ал төсек тартып, үйде жатқан науқастарға арнайы барып, дәрісін береміз, қажет болса егеміз. Қазір осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Өте жауапты әрі қызықты сала», - деді мейіргер Салтанат Серікбаева.

Екі жыл тәжірибе жинаған жас маман қазір №1 перинаталдық орталықты еңбек етіп жүр. Ана мен бала өмірі үшін жауапты. Жансақтау бөлімі мейіргер жүгін еселеді.

«Бұрын үйлерді араласам, қазір жұмысым бір орталыққа байлаулы. Перзентхана созылмалы ауруы бар, денсаулығы сыр берген аяғы ауыр әйелдерге басымдық береді. Өзім жансақтау бөлімінің мейіргерімін. Науқастарға күтіп жасаймын, дәрігердің нұсқамасымен екпесін беремін. Сонымен бірге отаға қатысамын. Анестезиологтің жанында мейіргермін. Яғни, ұйықтатын дәрі салып, ота біткен соң жас ананы палатаға жеткіземіз. Әрі ота үстінде арнайы картаны толтырамыз», - деді Салтанат Серікбаева.

Мейіргер коронавирус инфекциясына қарсы екпені қабылдады. Ол емдеу мекемесінде еңбек ететін әр адам дәл осы жолмен өзін және ортаны, отбасын қорғауы керек деп есептейді.

«Науқастың саулығы үшін еңбек етіп жүрген әріптестерім өз денсаулығын да ойлауы тиіс. Біз еңбек ететін перзентхана пандемия кезінде аса сақтықпен жұмыс істеді. Әрбір жүкті келіншектің денсаулығы тексеріліп, инфекция анықталғаны арнайы бөлімге жіберілді. Қазір де жұмыс қызу. Ана мен бала денсаулығы үшін күресте талмай еңбек етіп жүрген әріптестерімді бүгінгі төл мерекемен құттықтаймын. Біз үшін адамдардың лебізі мен алғысынан артық марапат болмас, сірә», - деді жас мейіргер. Салтанат Серікбаева алдағы уақытта білімін жетілдіріп, осы саланың қыр-сырын меңгеруді жалғастыра бермек. Ал осы мамандықты таңдаған өзі секілді жастарды төзімді болуға шақырады. Себебі жас ананың әр сөзін құп алып, оның жаны мен тән тыныштығы үшін бар зейінін арнауы керек. Сонда ғана әр ақ халаттының абыройы арта бермек.


Соңғы жаңалықтар