Жаңқош Тұраровтың елордада өтетін бокс кешіндегі қарсыласы анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 6 шілде күні елордада өтетін кәсіпқой бокс кешіндегі Жаңқош Тұраровтың (23-0, 16КО) қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан кәсіпқой боксының» әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланғандай, Жаңқош аргентиналық Мауро Годомен (31-4-1, 16КО) қолғап түйістіреді.

«10 раундық кездесу Нұр-Сұлтанда 6 шілдеде өтеді. Осы шоудың басты жекпе-жегінде WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы француз Нордин Оубали (15-0, 11КО) филиппиндік Артур Вильянуэвамен (32-3-1, 18КО) шығады», - делінген хабарламада.

Аталған айқас Жаңқош Тұраров үшін MTK Global компаниясының атынан шығатын екінші айқасы болмақ.

Еске сала кетсек, Жаңқош Тұраров 6 шілде күні елордада өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсететіні бұған дейін хабарланған болатын.

Нұр-Сұлтандағы бокс кешін MTK Global-мен бірге Тop Rank америкалық промоутерлік компаниясы өткізеді. Top Rank-тың басты клиенттері ретінде Теренс Кроуфордты (35-0, 26КО), Василий Ломаченконы (13-1, 10КО) атап өтуге болады. Аталмыш промоутерлік компанияда, сонымен бірге Жәнібек Әлімханұлы (6-0, 2КО), Асхат Уәлиханов (4-2, 2КО) пен Сағадат Рахманқұлов (4-1, 2КО) бар.

Соңғы жаңалықтар