Жанқош Тұраровтың Алматыдағы әлем чемпионы титулы үшін жекпе жегі тікелей эфирде көрсетіледі

Фото:
АСТАНА.ҚазАқпарат - 21 наурызда Алматыда өтетін бокс кешінде қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (26-0, 19 КО) өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Тұраров жартылай орта салмақтағы IBO чемпиондық атағы үшін мексикалық Алехандро Менесеспен (16-5, 9 КО) жұдырықтасады. Қазір бұл белбеу мексикалық боксшыға тиесілі.

Барлығы он екі жекпе-жек жоспарланған. «Хабар» телеарнасының тікелей көрсетілімі Астана уақытымен 20:00-де басталады.

Жанқош Тұраров бұған дейінгі жекпе-жегін қараша айында Алматыда өткізіп, венесуэлалық боксшы Луис Энрике Ромероны (11-6-1, 7 КО) жетінші раундта нокаутқа түсіріп, жартылай орта салмақтағы IBO Inter-Continental тұжырымы бойынша бос тұрған чемпион атағын жеңіп алған болатын. Алехандро Менесеске келетін болсақ, ол өткен сәуірде британдық Сэм Максвеллмен (17-1, 11 КО) жұдырықтасып, оны тоғызыншы раундта нокаутқа жіберген. Максвелл үшін бұл жеңіліс оның кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңіліс болды және дәл сол жекпе-жекте Менесес IBO әлем чемпионы атанды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жекпе-жек қарсаңында Тұраров пен Менесес санат шегін (63,5 келі) сәтті орындады, сонымен қатар дәстүр бойынша көз түйістірді.


Соңғы жаңалықтар