Жаңқош Тұраров Елеусіновтің «GGG-Роллс» андеркартында шықпауына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жаңқош Тұраров GGG-Ролс жекпе-жегінің андеркартында Данияр Елеусіновтің шықпай қалуына байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта өзімнің ең алғашқы бапкерім - Сағатбек Мұсаханов деген кісімен жаттығып жатырмын. Құдай қаласа, сол кісімен дайындаламыз. Шетелдерде спаррингтер өткіземіз. Ол жағынан мәселе жоқ. Нұр-Сұлтанда өтетін айқасқа жүз пайыз дайын боламын», - деді Жаңқош Тұраров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, боксшыға Геннадий Головкин өзінің жекпе-жегінің андеркартында Данияр Елеусіновтың шығуына қарсылық білдіргеніне қатысты сұраққа жауап берді.

«Геннадий Головкиннің ағамыздың өзінің жарысы. Кімді қойса немесе қоймаса - өзі біледі. Ол жағын өзі шешеді», - дейді Жаңқош Тұраров.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын хабарланғанымен, Данияр Елеусіновтің Головкиннің жекпе-жегінде өнер көрсетпейтіні белгілі болған еді. Боксшының менеджері Зия Алиев Sports.kz-ке берген сұхбатында, Елеусіновтың 8 маусымдағы Головкин-Роллс андеркардындағы жекпе-жегі белгісіз себептерге байланысты болмайтынын жеткізген.

Кейін тіпті бұл мәселеге қатысты ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко пікір білдіріп, Головкин мен Елеусінов арасында қандай да бір түсінбеушілік бар дегенге сенбейтінін айтқан болатын.

Ал Жаңқош Тұраров болса, елордада 6 шілдеде өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар