Жаңқош Тұраров 2 жылдық үзілістен кейінгі жекпе-жегін Уэльсте өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жаңқош Тұраров (22-0, 15КО) біршама үзілістен кейін шаршы алаңға қайтадан оралып, жақын арада жекпе-жек өткізетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан кәсіпқой боксы» ВКонтакте парақшасында жарияланғандай, боксшының келесі айқасына қатысты менеджері Асқар Салықбаев нақты датаны атаған. Оның айтуынша, Жаңқош 1 маусым күні Уэльс астанасы Кардиффеде келесі айқасын өткізеді. Жаңқоштың қарсыласы алдағы уақытта белгілі болмақ.

Қазақ боксшысы осыған дейін 2 жыл бойы ешкіммен кездеспеген еді. Ал соңғы айқасын 2017 жылдың 9 қыркүйегінде өткізіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен аргентиналық Бруно Леонардо Ромаяны (21-7, 8КО) жеңген болатын.

Еске сала кетсек, MTK Global менеджерлік компаниясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жаңқош Тұраровпен (22-0,15КО) келісімшартқа отырғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

«Бұл мен үшін керемет жаңалық! MTK Global - әлем боксындағы үздік менеджерлік команда екеніне сенемін. Олармен бірге жұмыс істеуге асықпын. Көптеген қазақстандық боксшылар мен нұсқаушылардан MTK Kazakhstan-ның болашағы жарқын екенін естігенмін. Түбі әлем чемпионы атанатыныма сенімдімі», - деді Жаңқош Тұраров.

Соңғы жаңалықтар