Жанкент қалашығының іргетасы YII ғасырда қаланғаны анықталды – ғалым

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Оғыздардың бас қаласы атанған Жанкент шаһарының негізі қаланған уақыт нақтыланды. Ол қазірге дейін айтылып жүрген кезеңінен екі ғасырға ерте екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі көне қалашықтардың пайда болуы, гүлденуі, қалыптасуы бойынша зерттеулер жалғасуда. Оның ішінде оғыздардың бас қаласы Жанкенты зерттеу биыл да жалғасын тапты.

«Жанкент қалашығында археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатқан жоқ. Онда жаратылыстану ғылымының әдістері пайдаланылуда. Заманауи лабороториялар арқылы Ресей, Англия, Германия мемлекеттерінің зертханаларында Жанкенттің құрылған жылы және жасы анықталды. Бұрын біз бұл қалашықтың іргетасы IX-XI ғасырда қаланған деп есептеп келген едік. Қазір қаланың YII ғасырда негізі қаланғаны белгілі болды», - деді Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжікеев.

Сырдарияның төменгі ағысы көне ескерткіштерге толы. Соның ішінде Жаңадария, Іңкәрдария бойында сақ дәуіріне жататын көне қалалар жиі кездеседі.

Мәселен Іңкәрдария бойында біздің заманымызға дейін 2 мың жыл бұрын қала өркениеті дамыған. Соның ішінде Шірік Рабат және Бәбіш молла ескерткіштерін айтуға болады. Қазіргі таңда қос ескерткіш кешенінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Соңғы жылдары Бәбіш моллада үлкен өндірістік ошақ табылған болатын. Өз заманында қыш өндірісі дамыған. 9 пештің орны бар. Бүгінде толыққанды зерттеу және тұмшалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сол маңайдан тарының дәні табылыпты. Соны Латвия мемлекетінде археологтар зерттеп жатыр. Бәбіш моллада егістік алқаптары көптеп сақталған. Ескерткіш маңынан бір әулеттің кесенесі табылып, бүгінде сол бойынша антрополог мамандарды шақырдық», - деді «Антик» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Жанболат Өтебаев.


Соңғы жаңалықтар