Жанкент қалашығын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында орын тепкен Жанкент қалашығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Аталған қалашық VІІ-ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент деп аталған. Түрікмен тарихшысы Әбілғазы Баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жылдар бойы астана болып келген. Жанкент шаһары Сыр өзенінің сол жақ бетінде орын тепкен. Аудан орталығы - Әйтеке би кентіне 15-20 шақырым қашықтықта жатыр. Қазалы ауданы аумағындағы Өркендеу ауылына өте жақын орналасқан.

Бүгінгі таңда Жанкент қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен жүзеге асырылуда. Далалық экспедиция жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қолға алып отыр. Оған университеттің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев жетекшілік жасап келеді.

«Биылғы қазба жұмысында қалашықтың шахристан бөлігінде орналасқан тұрғын үй кешеніне зерттеу жүргізілді. Ескерткіш цитаделінің солтүстік қабырғасынан аршылған мұнаралар мен оған жалғасып жатқан қабырғаларға назар аударылды. Сондай-ақ, қалашықтың шығыс қабырғасының ортаңғы бөлігіне қазба салынып, толық аршылды», - деді Әзілхан Тәжекеев.

Қазіргі таңда тұрғын үй кешеніне консервация жүргізіліп, үсті металл жабындымен шатырланды. Республикалық бюджет есебінен қалашықты қайта жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Бұдан бұрын Қызылордада студенттер көне Жанкент қалашығын зерттейтінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар