Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы - колумбиялық «Жауынгер» туралы не білеміз

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қыркүйек күні қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Америкада алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Санаулы күндерден кейінгі айқастың алдында ҚазАқпарат оқырманға отандасымыздың қарсыласын таныстыра кетуді жөн көрді.

27 жастағы Карлос Галванның кәсіпқой бокста жүргеніне тура 7 жыл болды. Кәсіпқой рингтегі дебюті 2011 жылы 30 қыркүйекте болды. Алғашқы алты кездесуін сәтті өткізіп, қарсыластарынан басым түскен. Лақап аты - «El Guerrero» (мағынасы - Жауынгер). Алайда беті қайтпаған боксшы жетінші кездесуінде өз отандасы Сегунда Херреромен тең түсіп, сегізінші айқаста ресейлік Олег Лисеевтен ұтылып қалды. Осылайша, барлығы 24 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жетіп (15-і нокаут), 7-де жеңілді, 1 рет тең түсті.

 Айта кетерлігі, Карлос Галван соңғы жекпе-жегін осы жылдың наурызында өткізіп, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыласы Вилли Монромен айқасқан. Колумбиялықтың жетінші жеңілісі осы Монроға байланысты. Еске сала кетсек, 2015 жылдың мамырында Геннадий Головкин Калифорния штаты Инглвуд қаласындағы «Форум» аренасында америкалық кіші Вилли Монроны алтыншы раундта нокаутқа жіберіп, орта салмақта суперчемпиондық атағын қорғап қалған болатын.

Карлос Галванның Инстаграм парақшасында айқасқа Қанат Исламның бапкері кіші Нельсон Джуниормен дайындалып жатқанын көруге болады.

Еске сала кетсек, Жәнібек Әлімханұлы (2-0-0,1КО) кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізген. Екеуін де жеңіспен аяқтады, оның бірінде нокаут болса, екіншісі төрешілердің шешімімен берілді. Қазақстандық боксшының Америкадағы алғашқы жекпе-жегінде колумбиялықпен жұдырықтасатынын жазған болатынбыз.

Боксшының Фейсбкуктегі ресми парақшасында хабарланғандай, отандасымыз кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуін 28 қыркүйек күні Калифорния штаты Окленд қаласында өткізеді.

Соңғы жаңалықтар