Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы анықталды

None
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly
АСТАНА. ҚазАқпарат – WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (13-0, 8 КО) келесі жекпе-жегі өтетін күн мен қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Ресми! Бұйыртса, жекпе-жек 13 мамырда өтеді. Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық титулын екінші рет қорғайды. Қарсыласы канадалық Стивен Батлер. Жасы 27-де. Рекорды: 32 жеңіс, 3 жеңіліс. WBO рейтингінде 6 орындағы қарсылас. Тартысты кездесу күтіп тұр! Qazaq style-ға сәттілік! Жеңісті күнде жүздесейік!», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Жәнібек ең соңғы жекпе-жегін былтыр қарашада Лас-Вегаста өткізіп, төрешілердің шешімімен британдық боксшы Дензел Бентлиден басым түсті.

Сол арқылы WBO белбеуін қорғап қалды. Титулдың өзі қазақстандыққа америкалық боксшы Деметриус Андрадеден «мұрагерлік жолмен» келген болатын.

Ол Әлімханұлымен айқасудан бас тартып, екінші орта дивизиондағы мансабын жалғастыруды құп көрді.


Соңғы жаңалықтар