Жәнібек Әлімханұлы мен Дэнни Дигнум жекпе-жегінің уақыты анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 22 мамырда Лас-Вегаста қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) британдық Дэнни Дигнуммен (14-0-1, 8 КО) WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы «уақытша» әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Бұл туралы ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қос спортшы арасындағы жекпе-жекті «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 8:00-де басталады.

Жәнібек Әлімханұлы бұған дейінгі жекпе-жегін қараша айында өткізген. Онда қазақ боксшысы сегізінші раундта француз боксшысы Хассан Ндам Нжикамды (38-6, 21 КО) техникалық нокаутпен жеңді.

Дэнни Дигнум рингке соңғы рет ақпан айында шығып, алтыншы раундта отандасы Грант Деннисті (17-4, 3 КО) нокаутқа түсірді.

WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы - америкалық боксшы Деметриус Андраде (31-0, 19 КО). Ол да 22 мамырда британдық Зак Паркермен (22-0, 16 КО) жұдырықтасуы тиіс еді, бірақ жарақат алғандықтан, жекпе-жек кейінге қалдырылды.

Еске салсақ, қазақтандық боксшы Гүлсая Ержан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.


Соңғы жаңалықтар