«Жаңғыру» жобасы бірлігі бекем алғыр буынды қалыптастырып үлгерді - Олжас Әбуов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қадамы байсалды, қарымы нық жас мемлекет ХХІ ғасырдың ширек кезеңіне бағыт ала «Рухани жаңғыру» жолын таңдап, «ұлттық коды» арқылы «болашаққа бағдарын» айқындап келеді. Көптің көңілін дөп басқан тың бағыт Орталық Азиядағы ордалы елге аз жауапкершілік жүктеп отырған жоқ. «Рухани жаңғыру» - есеміз кеткен тарихты түгендеу, өткеннен сабақ алып, келешекке кемел қадам басу.

Қазақстандық жолды шамшырақ қылып ел үшін еңбек ету ендігі кезекте жас ұрпақтың еншісінде. Ал адам капиталы алға шыққан ХХІ ғасырда мемлекетіміз әлем елдерімен бұл тұрғыда бәсекеге түсуге қабілетті ме? Еліміздегі жас буынның қадамын сараламақ ниетте «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы «Жаңғыру» корпоративтік оқыту жобасын қолға алып отыр. Тұңғыш рет жүзеге асырылғалы жатқан тың жобаның мақсаты мен мұратын білмек оймен аталған ұйымның атқарушы директоры Олжас Әбуовты әңгімеге тарттық.

- Олжас Айдарұлы, «Жаңғыру» корпоративтік оқыту жобасының мақсат-мұраты қандай?

- Біз биылғы жылдың 29 қыркүйегіне дейін өтінімдерді қабылдадық. 126 өтінім келіп түсіп, оның ішінде іріктелген 50 қатысушы үшін арнайы тренингтерді өткіздік. Бұл тренингтер 17 қазанда аяқталып, жоба аясында «GenevaBusinessSchool»-мен бірлесе отырып, ойы озық жүлдегерлерге тегін оқу гранттарын береміз. Ендігі кезекте іріктелген 50 қатысушыға бизнес-кейстерді тапсырдық. Қатысушылардың ұсыныстары мен шешімдері арқылы олардың арасынан ең үздік жүлдегерлерді іріктеп аламыз. Жобаның екінші кезеңінде 10 адамды іріктеп, олардың ішінде бесеуіне жүлде тапсырамыз. 1-орынға MBA бағдарламасы бойынша білім беру гранты ұсынылса, 2-орынға MBA бағдарламасы бойынша білім алуға 75% жеңілдік,  3-орынға 50 % жеңілдік,  4- және 5-орындарға 25% жеңілдіктен беріледі. Бір сөзбен, «SamrukKazynaTrust» қоры мен «Жобаларды басқару технологиясы» ЖШС-мен (PMT.KZ) бірлесіп жүзеге асырып отырған «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Жаңғыру» корпоративтік оқыту» жобасының мақсаты - жастарға білім беру, жеке көшбасшылық қабілеттілігі мен дағдысын шыңдау, кәсіпті және әлеуметтік кәсіпкерлікті тиімді жүргізуді үйрету арқылы адам капиталын дамыту.

- МВА бағдарламасы жеңімпаздарға қандай мүмкіндік береді?

- МВА бағдарламасы бойынша оқытатын «GenevaBusinessSchool» - бизнес саласынадғы үздік оқу орындарының бірі. Олардың Астана қаласындағы өзінің филиалдары бар. Оқу осы Астана қаласында ағылшын тілінде жүреді. Бірақ, оған түскендер соңғы сынақтарын Женеваға барып тапсырады. Демек, оны тәмамдаған қатысушыда еуропалық диплом болады деген сөз.

- 50 адамға тренингтерді кімдер қай сала бойынша өткізді?

- Қатысыушылар тренингтердің барысында «Жеке көшбасшылық», «Үкіметтік емес ұйымдар» және «Бизнес» модульдері бойынша дәріс тыңдады. Жалпы саланың үздік спикерлері қатысушыларға семинар өткізді. Мәселен, Кеңестің мүшесі және Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов жеке көшбасшылық пен менеджмент бойынша екі рет лекция оқыды. Меніңше, Ғанидай өз саласының үздіктерінің жастарға айтары мол. Меруерт Жүнісбек секілді лекторлардың дәрісі керемет. Өзге де мықты мамандар тренингтерді қазақ және орыс тілінде өткізді.

- Жобаның атауы текке «Жаңғыру» деп аталмады ғой...

- Бұл корпоративтік оқытуды біз «Рухани жаңғыру» мақаласы, оның ішінде адам капиталын дамыту бойынша өткізіп жатырмыз. Яғни, адам өзінің алдына қойған мақсатына қалай жетуі керек, білімге деген құштарлығын қалай көбейтуі тиіс, белсенділік қабілетін қалай жоғарылату керек - осы үш модульды негізге алдық. Оқыту барысында қатысушылардың барлығы бір-бірімен берік достық орнатып, шынайы кәсібилікті дамытуда жақындағанын көріп отырмыз. Бізде ватсап тобымыз бар. Сол жерде барлығы бір-бірімен белсенді түрде сөйлесіп, тәжірибе алмасып, білім деңгейлерінің көтеріліп келе жатқанын білдік. «Жаңғыру» жобасы бірлігі бекем жас буынды қалыптастырып үлгерді.

null 

- Жеңімпаздар қалай анықталады?

- Бизнес саласындағы франшизаны қалай дамытуға болатынын, Қазақстанда стартап жобаларды бастарда қалайша тәуекелдерді төмендетіп, алға қойған мақсаттарға жетуді, бизнес-жобаны қалай аяққа тұрғызуға болатыны туралы шарттар қойылады. Өзінің тек білімі ғана емес, оның өтілі мен тәжірибесінің барлығы осы бизнес-кейсті шешіп жатқаны кезінде анықталады. Бұл тек қана интернеттен немесе кітаптан алынатын мәліметті өңдеп бере салу емес, тәжірибе мен анализ жүргізуге негізделген. Жалпы айтқанда бизнес-кейсті шешудің өзі біраз жұмыс. Екі-үш аптадай уақыт бердік. Осы уақытқа дейін бәрі шешіп, ұсыныстарын берді. Біз қазір алдын ала бәрін қарап шықтық. Бизнес-кейстердің шешімдері өте жоғары деңгейде жасалғанын көріп отырмыз. Ендігі кезекте бизнес-кейстердің шешімінің 13 қарашада тұсакесерін өткіземіз. Тұсаукесер өткізер кезде жүлдегерлердің бесеуі анықталады.

- Жалпы, қатысушылар бүкіл Қазақстаннан келіп отыр ма?

- Жобаға қатысушылардың дені бүкіл Қазақстаннан келіп отыр. Алматы, Павлодар, ШҚО, БҚО - барлық өңірлер бар.

- Бұл жобаның аясын кеңейту жоспарларыңызда бар ма?

- Жобаны биыл бірінші рет қолға алдық. Алғашқы нәтижені көргеннен кейін келесі жылдары да жалғастырамыз деген ойымыз бар. Бұны тек Астанада ғана емес, басқа қалаларда да қола алсақ дейміз. Жобамызға көбінесе бизнес саласының мамандары келіп жатыр. Арасында әлбетте, Ұлттық компаниялардан, мемлекеттік қызметтің, БАҚ өкілдері де бар. Бес жүлдегерді анықтап болғаннан кейін біз анкеаталауды жүргізіп, қатысушылардың өздерінің ойларымен бөлісуді сұрап отырмыз. Қандай нәтиже бар, сараптама жасап, келесі жылы жобамыздың аясын кеңейтуді жоспарладық. Тренингтердің де уақытын 12 күнмен шектелмей, үлкейтуіміз мүмкін.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

- Сізге де көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар