Жангүл Жолмұқанова: Ассамблеяның алдағы міндеті - этностар арасындағы достықты нығайту

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында этномәдени орталықтардың өкілдері қатысқан кеңес өтіп, алға қойылған міндеттерді талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұқанованың пікірінше, алда жаңғыртудың, стратегиялық маңызды реформалар мен қайта құрулардың ұзақ жолы жатқандығы айқын.

Бұл жолды ортақ идея төңірегінде топтастыру арқылы ғана өтуге болады. Ал жаңа Қазақстанды қалыптастыру мен дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясына зор жауапкершілік артылмақ.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына кіретін этномәдени бірлестіктер мемлекеттік саясатты түсіндіруге және іске асыруға үлкен үлес қоса отырып, ешқашан қоғамдық маңызы бар оқиғалар мен іс-шаралардан тыс қалған жоқ. Этносаралық толеранттылық пен әлеуметтік келісімнің қазақстандық үлгісін нығайтуға және насихаттауға оң әсер етіп, үйлесімді жұмыс атқарып келеді. Ассамблеяның алдағы жылдарға міндеті - бір шаңырақ астында өмір сүретін этностардың достығын қорғау және нығайту, өз елінің патриоты болу. Патриотизм біздің күнделікті іс-әрекеттерімізде, Отан мен азаматтардың игілігі жолындағы істерімізде, адал еңбегіміз бен бастамаларымызда көрініс табуы тиіс», - дейді Жангүл Жолмұқанова.

Ассамблея жұмысы ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттарында атқарылуы тиіс.

«Ассамблея қызметін жаңғырту мақсатында Достық үйлері мен «Қоғамдық келісім» мекемелері «сервистік модель» аясында ресурстық орталықтар мен жобалық кеңселерге айналуы тиіс. Яғни енді жұмыс арнайы жобалар аясында жеке бағыттар бойынша жүргізіледі. Бүгін облыстық Ассамблеяның барлық құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын жандандыру қажет. ҚР ҚХА 4 базалық жобасын, сондай-ақ жаңа әлеуметтік жобаларын іске асыру мақсатында мазмұнды жоспарлар бекітілуі қажет.

Естеріңізге сала кетейін, республикалық Ассамблея 4 жоба әзірледі, оның аясында біз өз қызметімізді құрамыз. Қазір мемлекет пен қоғам арасында сындарлы өзара қарым-қатынас құру мәселесі өткір тұр. Сондықтан этностар өкілдерімен, әсіресе жастармен, әрбір елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізу қажет. Тағы бір маңызды бағыт – «Жаңғыру жолы» базасында Жастар және волонтерлер қозғалысын дамыту. Қазір өңірде «Ассамблея жастары» филиалдарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені жастар – біздің болашақтағы тірегіміз», - дейді Жангүл Серікқызы.


Соңғы жаңалықтар