Жәңгірді биіктету үшін Махамбет пен Исатайды аласартқан жоқпыз – Арман Сқабылұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі продюсер, «Жәңгір хан. Сарай сыры» тарихи сериалының көркемдік жетекшісі Арман Сқабылұлы туындыда Махамбет пен Исатайдың образы қалай бейнелегенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Qazaqstan арнасы түсірген 6 тарихи сериалдың ішінде «Жәңгір хан. Сарай сыры» атты хикая да бар.

Көрерменге ұлттық арна эфирінен жол тартатын туындының көркемдік жетекшісі Арман Сқабылұлынан Жәңгір ханның қайшылықты образы кино тілінде қалай сомдалғаны туралы сұраған едік.

«Жәңгір хан. Сарай сыры» сериалының сценариін жазған үш адамның бірі ретінде, туындының көркемдік жетекшісі ретінде бұл сауалыңызға былай жауап бере аламын. Бір ғана нәрсені айтайын. Махамбет те, Исатай да - біздің ірі тұлғаларымыз. Бірі – батырымыз, бірі – ақынымыз. Олардың қасында совет идеологиясының дәурені жүріп тұрған кезде Жәңгір хан өте бір жауыз образда көрсетілгенін білеміз. Ал тарихқа үңілсеңіздер, зерттеу еңбектеріне сүйенсеңіздер, Жәңгір мүлдем ондай адам болмаған. Сериалда Жәңгір де биік, Махамбет те биік, Исатай да биік», - дейді танымал журналист.

Продюсердің айтуынша, сериалда Жәңгір мен Исатай арасындағы араздық жер мәселесінен туындағаны баяндалады.

«Жәңгір мен Махамбет бала кезден бірге өскен. Оқуға да бірге барған. Соңында Махамбет сарайдан кетіп қалады. Содан 2-3 жылдан кейін тарихқа белгілі көтеріліс бұрқ етеді. Осылайша бала күнгі достар бір-біріне ата жау болып шыға келеді. Тарихтың осылай өрбуіне не себеп болды? Кейбір тарихшылар жерге байланысты дегенді алға тартады. Жер мәселесі бойынша қайшылық Исатай мен Жәңгір арасында болған», - деді Арман Сқабылұлы.

Сондай-ақ, ол Жәңгір хан мен ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының арасныдағы қайшылық әйелге таластан болған дейтін деректі жоққа шығарды.

«Бұл сериал болғаннан кейін, көркем туынды болғаннан кейін, Махамбетті де, Жәңгірді де, Исатайды да төмендетпей, тарихи кезеңдегі қайшылықтың неден туындағанын көрсетуге тырыстық. Оны көрермен түсінеді деп ойлаймын. Одан кейін ол жерде жұрт ойлағандай әйел мәселесі жоқ», - деді туындының көркемдік жетекшісі.

Айтуынша, сериалдың шикізатын дайындаған кезде Махамбет туралы зерттеулерден бөлек, Рахымжан Отарбаевтың Жәңгір хан туралы материалдары қолданылған.

«Академик Зейнолла Қабдоловтың өзі қайтыс болғаннан кейін жарық көрген «Махамбет» романы бар. Одан басқа Батыс өңірінен шыққан тарихшыларымыздың бәрінің еңбегін қарадық. Тіпті көзі тірілерімен кездесіп, ақылдасып отырдық. 2012 жылы өз басым «Хабар» арнасына сол кезде Ресейдегі Елші болған Зауытбек Тұрысбековтің өтінішімен «Бөкей хан» жайында деректі фильм дайындағанмын. Осы жұмыс аясында Орынбордың, Қазанның архивтерін ақтарудың сәті түскен. Негізгі идея сол кезде келген. Архив материалдарын көрген кезде «Шіркін-ай, мұндағы оқиғалар Османлының «Сүлеймен сұлтанының» сарайы сияқты екен ғой» деп таңданғанбыз. Жәңгірдің әйелдері бірінен кейін бірі қайтыс болады, баласы көз жұмады. Сарайға татар сұлуы Фәтима түскеннен кейін «интригалар» басталады. Мұның бәрі сериалға дайын тұрған сценарий сияқты көрінді. Енді соны экранға икемдеп беруге тырыстық», - деді белгілі продюсер.


Соңғы жаңалықтар