Жандос Жақсыкелдинов: Цифрландыру - реформалардың өте маңызды бөлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім беру жүйесін цифрландыру – қазіргі уақытта Үкіметіміз жүргізіп жатқан реформалардың өте маңызды бөлігі. Мұндай пікірді ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлкет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері, тарихшы Жандос Жақсыкелдинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміз үшін елеулі саяси оқиғалардың бірі. Өйткені онда Мемлекет басшысы елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша қоғам дамуының негізгі векторларын белгілейді. Мен үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы Қазақстан халқына Жолдауы формасымен де, мазмұнымен де ерекше. Еліміздің әр азаматы Жолдаудан ең алдымен өзінің күнделікті өміріне қатысты мәселелерді шешуге көмектесетін мәліметті іздейді. Жолдауда Қазақстан экономикасы үшін цифрлық дәуірдің жаһандық сын-қатерлері мен мүмкіндіктері ескерілгені мені ерекше қызықтырды. Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-соңды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Яғни, қазіргі таңда бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады. Шынында, әлем күрделі өзгерістер кезеңіне аяқ басып, жедел өзгеріп жатқан кезеңде еліміз Қазақстан үшін бұл саланы дамытудың өзектілігі өте жоғары болып отыр», - деді ғалым.

Оның пайымынша, қазіргі кезде біздің алдымызда цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қол жеткізуді және барлық азаматтардың сапалы байланысын қамтамасыз ету міндеті тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі кезде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде адамдардың қандай проблемаларға тап болатынын көріп отырмыз. Бұл процестерді толық цифрландыру қажет. «Жүгіретін« адамдар емес, «деректер« болуы керек» деп атап өткендей, цифрландыру қоғамдық өмірімізді анағұрлым толығырақ қамтыса, соғұрлым экономикалық қатынастар ширай түсетін болады. Мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылдар мен азаматтармен байланыста «қағазбастылықтан» арылуға ұмтылу қажет. Осы тұрғыдан Президенттің жыл соңына дейін сұранысқа ие анықтамалар мен қағаз растамаларды ақпараттық цифрлық анықтамалармен алмастыруды тапсыруы өте қажет қадам деп болмақ.

«Білім беру жүйесін цифрландыру – қазіргі уақытта Үкіметіміз жүргізіліп жатқан реформалардың өте маңызды бөлігі. Президент Жолдауындағы Цифрландыру - барлық реформалардың негізгі элементі деп аталатын ІХ бөлімде «Цифрландыру – бұл сән үрдісін ұстану емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы» деп, келешекке бағыт-бағдар берді. Еліміздің ғылым-білім саласындағы зиялы қауым ендігі уақытта осы бағытта оң өзгерістер болатынына сеніммен қарап, алға қойылған мақсатқа жұдырықтай жұмылып кіріседі деп ойлаймын», - деді Жандос Жақсыкелдинов.


Соңғы жаңалықтар