Жандарбек Бекшин инфекцияға бейім елдерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин қазақстандық туристерге қай елдерге бару қауіпті екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар Жандарбек Бекшин қазақстандық туристер үшін Батыс Африка елдеріне барудың тәуекелдері көп екенін айтады.

«Ең бірінші мен отандық туристерге Мадагаскар мемлекетіне баруға кеңес бермес едім. Онда оба қатты таралып жатыр. Одан кейін Конго демократиялық мемлекетіне бармау керек. Эбола, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, сары қызба сияқты аурулар көп таралған. Батыс Африканың өзге де елдеріне барудан тартыну қажет. Бразилияда да денге, эбола, сары қызба індеттері тіркеліп жатыр. Әсіресе сары қызба жұқтыру қаупі жоғары. Дегенмен, инфекцияға бейім екі ел ретінде Мадагаскар мен Конго демократиялық мемлекетін атар едім», - деді Жандарбек Бешкин.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстанға Тайланд, Үндістан, Сингапур және Вьетнам елдерінен Конго- қызбасының тасымалдануы 10 рет, денге қызбасының тасымалдануы 9 рет тіркелген.

«ДДҰ аса қауіпті инфекциялар бойынша әлемде шиеленіскен жағдай сақталатынын айтып отыр. Былтыр 300 мың тырысқақ тіркеліп, 900 адам өлген. 200-ден астам күйдіргі, 500-ге жуық Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, 200-ден астам сары қызба, 300 мыңға жуық денге қызбасы тіркелген», -деді комитет өкілі.

Соңғы жаңалықтар