Жандарбек Бекшин Алматыда карантиннің күшейтілуін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин енгізілген қосымша шаралардың қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3292 оқиғасы тіркелді. Ал соңғы екі аптада қалада науқастар саны екі есе артты. Осыған орай, қосымша карантиндік шаралар қабылданды.

«Коронавирусты жұқтырудың негізгі орындары адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық көліктер екені жасырын емес. Ол жерлерде адамнан адамға тығыз қарым-қатынас жолымен жұғады және одан іс жүзінде қашып құтылу мүмкін емес. Міне, сол себепті осы демалыс күндері қоғамдық орындарға баруға шектеу қою және сол жерлерде жаппай дезинфекция жүргізу шешімі қабылданды. Дезинфекция – коронавирусты алдын алудың негізі болып табылатынын және осы ұғымға жеке гигиенаны сақтау, қолды жиі жуу, үйде дезинфекциялық құралдардың көмегімен ылғалды тазалық жүргізу және бөлмелерді желдетіп отыру сынды талаптар енеді», - деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Ол сонымен бірге, осыған дейін енгізілген шектеу шаралары сақталатынын атап өтті.

Еске салайық, аурудың алдын алудың келесі шараларын жалғастыру қажет:

- көшеден келгеннен кейін, адамдармен байланыс жасағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;

- амандасу кезінде құшақтасып, қол алыспау;

- қоғамдық орындарда бірреттік медициналық маскаларды әрбір 2-3 сағат сайын ауыстыру;

- қоғамдық орындарға барудан аулақ болу (СОО, спорттық және ойын-сауықтық шаралар, қарбалас кезде қоғамдық көліктерге мінбеу);

- коронавирус белгілері бар адамдармен бір бөлмеде қалудан және жақын байланыс жасаудан аулақ болу;

- қолмен ұстаған гаджеттерді, оргтехниканы және кез келген заттың үстіңгі бетін дезинфекциялау.

COVID-19-ға күдіктенген жағдайда дереу оқшауланып, маска тағып, оны әрбір үш сағат сайын ауыстыру керек. Жағдайы нашарлап, дене қызуы көтерілсе емханаға хабарласып, өзінің жағдайы мен шағымдары туралы айтып, дәрігерлердің нұсқаулығын қатаң ұстану қажет. Сонымен бірге адамдармен байланысты азайту керек. Әсіресе жұқтыру белгілері болса, жөтеліп, түшкірген кезде ауызды жабу үшін бірреттік салфеткаларды пайдаланған жөн. Бөлмеде ылғалды тазалықты дезинфекциялық құралдардың көмегімен жүргізіп, жиі желдетіп отыру керек.

Сұрақтар болған жағдайда Алматы тұрғындары 1406 немесе 1308 номерлері бойынша хабарласа алады (OpenAlmaty).

Бұған дейін Ж.Бекшин Алматыда зертханалар коронавирусқа тестілеуді неліктен тоқтатқанын мәлім еткен болатын.

Осы күндері қалада санитарлық норманы сақтамаған 300-ден астам нысан жабылды.

Қосымша шектеу шараларына байланысты полиция қызметкерлері қоғамдық орындарға бақылауды күшейтті.

Бүгін сағат 08.00-ден бастап Алматы көшелерінде жаппай дезинфекция шаралары басталды.


Соңғы жаңалықтар