Жанболат пен Жазира сауда жасап күн көрген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның белгілі әншілері Жанболат пен Жазира отбасылық өмірлерінің алғашқы жылдарында сауда-саттықтан түскен ақшаға күн көрген.

Бұл туралы 31-арнаның "Ұят емес" бағдарламасына қонақта болған Жазира Байырбекова айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бағдарламада барысында əнші өмірінің алғашқы жылдары сынаққа толы болғанын жасырмады. 18 жасында келін болып түскен Жазира Байырбекова Арал жерінде азық-түлік сатып, күн кешкен. Ата-енесімен бір шаңырақ астында 20-ға жуық адам бірге тұрған. «Ал Алматыға көшіп келгенде пəтер жалдап, азық-түлік болмаған күндерді де бастан кештік», - деген Жазира, барахолкада талай жыл аяқ-киім сатыпты. Туыстарының шаңырағына  қонаққа барып-қайтуға ақша таппаған оларды автобус жарты жолдан түсіріп кеткен кездер де болған екен.

Жанболат пен Жазира 5 мың доллар тұратын бір бөлмелі пəтерлерін мейрамханада əн айтып жүріп алған. «Ең қызығы, сол кезде өздері жұмыс істеген мейрамханада Ақбота Керімбекова, Саят Медеуов сынды елге танымал əншілер келіп əн айтқанда, аппараттура  жанында қызыға қарап тұратынмын», -  дейді Жазира Байырбекова.

Күндердің күнінде ол түбегейлі шешім қабылдаған. Жолдасы Жанболатқа айтпастан студияға барып, өзінің туған ағасы Ербол Байырбековтың "Сүйгеніңді бағала" əнін жаздыртып, радиоға өзі тапсырғанын еске алды. Оның сөзінше, осы бір сəт оның өмірін өзгерткен және халыққа танылуына жол ашқан.

Сондай-ақ бағдарлама барысында Жазира тұңғыш баласы Қазыбектің іні-қарындастары болса деп тілейтінін де жасырмады.

Соңғы жаңалықтар