Жаңажылдық мереке күндері Петропавлда полицейлер аяздан 48 адамды құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қатты аязға байланысты тұрғылықты мекені жоқ адамдар анықталып, қабылдап-тарату орнына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңажылдық мереке күндері СҚО-да аяз күшейіп, Петропавл қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орны қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Олардың басты мақсаты - тұрғылықты жері жоқ адамдардың үсік алуына жол бермеу.

Желтоқсан айының соңы және жаңа жылдың алғашқы күндері баспанасы жоқ адамдарды іздестіру жұмыстары күшейтілді. Жертөлелер, жылу желілерінің құдықтары, кәріз жүйесі, қоқыс орындары, базарлар, вокзалдар - полицейлер қаңғыбастардың жүретін жерлерін тексерді.

31 желтоқсан күні полицейлер қабылдап-тарату орнына 48 адамды жеткізді. Қыста мұндағы түнеу орны тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін сағат 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін жұмыс істейді. Оларға мұнда жататын орыннан бөлек ыстық тамақ беріледі.

«Әрбір жеткізілген адам фотоға түсіріліп, саусақ іздері алынады, есепке алу базалары бойынша тексеріледі. Өткен жылы қызметкерлер қабылдап-тарату орнына қаңғыбастарды 2565 рет жеткізген. Олардың ішінен іздеудегі - 8, із-түзсіз жоғалған 2 адам анықталды», - дейді қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайыл.


Соңғы жаңалықтар