Жаңажол кен орнындағы өрт кезінде күйік шалған тағы бір жұмысшы көз жұмды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнында газ зауытындағы өрт кезінде күйік шалған тағы бір жұмысшы көз жұмды. Ол Астана қаласында ем қабылдап жатқан еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңажол кен орнындағы газ зауытынан өрт шыққан кезде барлығы 4 жұмысшының күйік шалды.

Олар алдымен ауылдық ауруханада ем қабылдап, кейін санавиациямен Ақтөбеге, әрі қарай Астанаға жіберілді.

Үшеуі бүгінге дейін елордада ем қабылдағанымен, кеше күндіз біреуі көз жұмды. Ал бүгін тағы бір науқастың қайтыс болғаны хабарланды.

«Науқас Мырзалы Қуаншалиев 51 жаста. Ол 6 мамыр күні Астанаға жіберіліп, емді сол жерде қабылдады. Ал 14 мамыр күні кешкі сағат 22:55-те қайтыс болды. Оның денесінің 70% күйік шалған. Тыныс алу жолдарына да зақым келген. Жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары және бүйрегі сыр берді. Қайғылы жағдай туралы туған-туыстарына хабар берілді. Қазір сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Ал Астанада ем алып жатқан үшінші науқастың жағдайы тұрақты. Сонымен бірге біреуі Ақтөбе қаласындағы ауруханада жатыр. Оның да жағдайы тұрақты. Қайтыс болған адамдардың денесі ұшақпен жеткізіледі»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Еске салсақ, 1 мамыр күні Жаңажол мұнай-газ кешенінде өрт шығып, қызыл жалын 14 сағат бойы сөндірілді.

Оқиға орнында болған 4 жұмысшыны қатты күйік шалып, ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Әзірге өрттің неден шыққан белгісіз. Тек «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы ресми хабарламада мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.

«Әкімдік тарапынан барлық көмек беріліп жатыр. Сонымен бірге компания да жәбірленушілерді қолдайды. Құжаттары реттелген соң денені туған-туыстарының рұқсатымен жеткізу қарастырылып жатыр», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар