Жаңатаста 92 көпқабатты үйді жылумен қамтып отырған қазандық істен шыққан

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жаңатас қаласында істен шыққан орталық қазандық қалпына келтірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 ақпан күні сағат 20:00-де Жаңатас қаласындағы «Жаңатас Су-жылу» КММ орталық қазандығында жылыту құрылғылары істен шыққан болатын.

Айта кетейік, қаладағы орталық жылу қазандығы 92 көпқабатты тұрғын үй, 41 бюджеттік мекеме, оның ішінде 11 білім және 2 денсаулық сақтау нысанын жылумен қамтып отыр.

Облыс әкімінің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов пен коммуналдық мекемелердің басшылары барып, жағдаймен жан-жақты танысты.

«Жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесінде 10 ақпан сағат 07:00-де қазандық іске қосылған. Қазіргі уақытта жылу +24 градус, ал қайтарымы +21 градуспен берілуде. Жылу және ыстық сумен қамтуды тұрақтандыру жөнінде барлық тиісті шаралар қолға алынды. Медициналық нысандар уақытша қосымша электр жылыту құрылғыларымен қамтылды. Жаңатас қаласына жылу берудегі температуралық режимді толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде»,-делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құрылғылардың істен шығу себептерін анықтау мен Жаңатас қаласын жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жұмыс тобы құрылған.


Соңғы жаңалықтар