Жаңартылатын энергетикаға көшуде әділ тариф болуы керек – Ләззат Рамазанова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ECOJER» ассоциациясы кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова көміртексіз энергия көздеріне көшу қажеттілігіне және атом электр стансасын салуға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл экономикаға көшуде теңдестірілген болуы керек және халыққа зияны тимеуі тиіс. Егер біз көмірге 70% тәуелді болғанның өзінде, 50% газ энергиясы бар. Дегенмен біз әлі де жасыл емес энергия көздеріне тәуелдіміз. Жаңартылатын энергетиканы енгізуде әділеттілік болу керек», - деді Ләззат Рамазанов III ECOJER халықаралық конгресі барысында.

Оның айтуынша, халық жасыл экономикаға, жаңартылатын энергетикаға көшкенде тұрғындар зардап шекпеуі тиіс және халық қалтасына салмақ түспеуі қажет.

«Айтпағым, қарапайым халық үшін тариф әділ болуы керек. Ал бизнестің өз технологияларын бейімдеуге және 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық тұжырымдамасында белгіленген мақсаттарға сәйкес келетін үздік технологияларды енгізуге мүмкіндігі болуы керек. Әрине, 2060 жылға дейін біраз уақыт бар, дегенмен еліміздегі энергиямен жұмыс істейтін инженерлік желілердің 80%-ның тозғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан бүгіннен бастап көмірді қолданатын жылу электр орталықтарын ауыстыру, жаңалау жұмысына кірісу керек. Мүмкін оларды бұзудың қажеті жоқ шығар, дегенмен бизнеске жаңа энергия өндіретін қондырғылар салу қажеттігін осы бастан айту қажет», - дейді ол.

Ассоциация басшысының пікірінше, зиянды қалдықтар қоршаған ортамен қатар адамдардың өмірі үшін де аса қауіпті.

«Мысалы, рұқсат етілмеген қоқыс полигондары, өкінішке қарай, әлі де өзекті. Көктем және күз мезгілінде жеке үй шаруашылықтары қоқыстарды жинап, өртейді. Бұл экологияға ештеңе бермейді, өйткені өрт қалдығы да шығарынды. Біз экологиялық қалдықтарды қайта өңдеу және жоюды тек ірі кәсіпорындарда жүзеге асырмай, орта және шағын бизнесте де үздік технологияларды енгізуіміз қажет», - деп толықтырды Л.Рамазанова.

Айта кетейік, елордада III ECOJER халықаралық конгресі өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар