Жанармай тапшылығы: Атырау мұнай өңдеу зауыты дизель өндіруге кіріседі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауыты маусымаралық дизель отынын өндіруге кіріседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, өндірістік жоспарға және ішкі нарықтың сұранысына сәйкес, –5 градуста қатпайтын маусымаралық дизель отынын шығаруға технологиялық қондырғыларды дайындау жүріп жатыр.

«Бұл өнім ауа температурасы 5 градустан төмендемейтін маусымаралық кезеңде тұтынуға арналған. Зауытта қайта жаңғырту жобасы шеңберінде салынған жаңа технологиялық қондырғылардың нәтижесінде 2019 жылы К4 экологиялық класына жататын дизельдің (ДТ-Е) осы түрін өндіру басталды. Ауа температурасы төмендеген кезде дизель отынның –15, –25, –32 және Khazar-38, Altay-45 секілді түрлерін шығаруды бастайды» - деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Биылғы қыркүйекте Энергетика министрлігі ішкі нарықты дизель отынымен қамтудың күрделі жағдайына байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілетін ағымдағы жөндеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты биылғы 8 айда 1 027 123 тонна дизель отынын өндірді. Бұл былтырғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 10,5 мың тоннаға артық. Зауыт 8 айда тапсырыс берушілерге 1 млн 032 мың тонна дизель жіберді. Бұл өткен жылғыдан 13 мың тоннаға артық. Биылғы 5 мамырда дизель отынының тауарлық паркінің резервуарлары іске қосылды» -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар