Жанармай стансасын тонаған ақмолалық экс-полицей 5 жылға сотталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жанар-жағар май құю стансасына қарақшылық шабуыл жасаған бұрынғы полиция қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шортанды аудандық сотына сілтеме жасап.

Сотта белгілі болғандай, қылмыс 2018 жылдың 5 қазанында сағат 04:00-де, алдын ала дайындалған жоспар бойынша жүзеге асқан. Осы қылмысқа күдікті болған Шортанды ауданының ІІБ Уақытша ұстау изоляторының бұрынғы басшысы 39 жастағы полиция қызметкері бетперде, бір рет киетін қолғап, күрте киіп, оқ салатын екі магазині бар «Вепрь-223» аңшы мылтығымен «Астана-Көкшетау» тасжолының бойында орналасқан Шортанды кентінен 1 шақырым қашықтықтағы «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май құю стансасын тонаған.

Қылмыс кезінде ол жанармай құю стансасының кассирін қорқытып, бар ақшаны жинап алып, оқиға орнынан тайып тұрған. Бұдан стансасының иесіне 1 184 230 теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Істі қарау кезінде процессуалдық прокурор мен сотталушының арасында қылмысты мойындау туралы келісім жасалды. Сотталушы өз еркімен материалдық және моральдық шығынның орнын толтырды.

Осыған байланысты сот Шортанды ауданының ІІБ Уақытша ұстау изоляторының 39 жастағы бұрынғы басшысын ҚР ҚК 192-бабының 2-тармағы, 3-тармақшасы бойынша жасаған қылмысы үшін айыпты деп санап, 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін кесті.

Соңғы жаңалықтар