Жанармай бағасының өсуіне қандай себептер әсер етуде

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елімізде жанармай бағасының өсуіне қандай себептер әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, мұнай өңдеу көлемі 3 млн тоннаға өсті. Қазір жылына шамамен 17 млн тонна шикі мұнай өнделіп жатыр (битум зауытын қоспағанда). Кейінгі 5 жылда бензин шығару көлемін 70%-ға (3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін), дизель отынын 30%-ға өсірдік (жылына 4 млн-нан 5,2 млн тоннаға дейін). Былтыр дизель отынын өндіру бойынша рекордтық көрсеткішке, яғни 5,2 млн тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірінде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі тапшылықты (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық. Осы орайда, экономикадағы маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен метталлургия кешені және теміржол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды, яғни өскен жоқ», - деді Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторы ретінде транзиттік көлік ағыны әсер етіп отырғанын айтты. Бұдан басқа, Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынын түрлі схема бойынша алып кетіп жатыр.

«Мамандардың есептеуінше, былтыр шетелдік транзиттік көлікке құйылған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады, бұдан басқа «сұр» экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна болды. Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі – ол баға бойынша диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мәселен, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға жоғары. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстанда бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат - литріне 480 теңге», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы өседі.

Осы орайда тиісті бұйрықтың жобасы бүгін жарияланады.


Соңғы жаңалықтар