Жанармай бағасын тұрақтандыруда түпкілікті қадамдар жасалуы тиіс

None
None
/Қанат Мәметқазыұлы/  - Қазақстан әлемдегі көмірсутекті шикізаттың 3,3 пайызын иеленіп отыр, ал еліміздегі  игерілетін мұнай қоры ең төменгі есептеулер бойынша 4,8 миллиард тонна деп болжанған. Бұнымен қоса, біз алдағы жылдары мұнай өндіруші елдердің алғашқы ондығына кіруге талпынып, қазіргі күні жылына 70-75 млн. тонна мұнай өндірсек,бұл көрсеткіш 2010 жылға қарай 75-80 миллион,

   2015 жылғы қарай 120-130 млн. тоннаға артады деп болжануда.
   Ал газ шикізатын өндіру 2010 жылға қарай 40 миллиард текше метрге жетеді, сұйық газ өндіру көлемі 2015 жылға қарай 2 миллион тоннаны құрайды деп күтіледі. Еліміздің мұнай-газ саласындағы осыншалықты жайлы көрсеткіштері бола тұра, бензинге, дизель отынына жалпы жанар-жағармайға деген баға тұрақсыздығы талай жылдардан бергі айықпас дерті болып отыр. Бұл дерт екі түрлі себеппен туатынын қазіргі көзі қарақты жұрттың бәрі сезіп, біледі.

Оның біріншісі сыртқы жағдайдың әсерімен келетін факторларға қатысты. Мәселен, Қазақстанның ішкі рыногындағы мұнай өңдеу көлемі шамамен 12,3 млн. тоннаны құрайды. Бірақ, осы өңделетін мұнайдың басым бөлігі немесе 6,7 млн. тоннасы көршілес Ресейден импортталады екен. Оның үстіне елімізде Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істесе, осының ішіндегі Павлодар мұнай өңдеу зауыты толығымен Ресейден импорталып келетін мұнайды өңдейді. Сондықтан да, зауыттан өңделіп шығатын май бағасы тікелей ресейліктердің өнім экспортындағы бағасына тәуелді. Яғни, көршіден келетін мұнай бағасы қалай құбылса, зауыт ішкі нарық бағасын солай қарай икемдейді. Бағаның бұндай құбылуы көбінесе әлемдік жағдайға, әлемдік мұнай бағасына тікелей қатысты.

Екіншіден, мұнай өнімдерінің бағасы еліміздің ішкі шаруашылығындағы жағдайға, яғни көбіне-көп қолдан жасалатын қадамдарға қатысты. Атап айтқанда, жанар-жағармайға бағаның өсуі мәселесі жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында науқан басталып, диқандар қызу іске кіріскенде күн тәртібіне шығатын әдетінен әлі күнге жаңылған емес. Сондықтан да бұндай маусымдық баға құбылуына ең алдымен мұнай нарығының ішкі ойыншылары ықпал етеді. Есте болса, бұдан бұрынғы жылдары нарықтағы алпауыттар баға мәмілесімен-ақ шаруашылықтың шырқын бұзушы еді. Ендігі күні егін науқаны кезінде қолдан бағаны көтеру үшін әсіресе ауылға жақын орындардағы май құю стансаларына бензин, дизель отынын мүлдем жеткізбей тастап, бағаны осылайша қолдан көтеру туып отыр. Ал бұндай бақайесептен ең алдымен елдің диқандары, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер  жапа шегетіні анық. Биыл да еліміздің бірқатар өңірлерінде жиын-терім уақыты таяғанда бензин мен дизель отынының бағасы шарықтап кетті.

Міне, осындай нарықтағы жағдайға байланысты осы аптада ҚР Үкіметі жанар-жағармай экспортына уақытша тыйым салып отыр. Аптада Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жақында  Солтүстік Қазақстан облысында болып, егін орағы науқанының барысын байқап қайтқанын жеткізген болатын. Оның сөзіне қарағанда, түстіктегі шаруалар егін орағына сақадай сай дайындалып отыр екен. Бірақ, бір өкініштісі диқандар жылдағы әдеттің тағы да қайталанып отырғанын алдыға тартып, ауыл шаруашылығы үшін ауадай қажетті «АИ-80» маркалы бензиннің жетіспеушілігіне алаңдайды. Бензиннің осы түрі нарықта мүлдем азайып кеткен, соған орай оның бағасы да жоғарылап отыр. Министрлер Кабинетінде көтерілген мәселе сол күні-ақ шешімін тапты. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бензинді экспортқа шығаруға тыйым салатын Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.

Жалпы, ішкі нарықтағы бағаның құбылуына орай мұнай экспортына тиым салу мәселесі Үкіметтің уақытша қабылдаған шарасы екендігі белгілі. Сондықтан да, маусымдық бағаның құбылуын аталған тиым салу жолдары уақытша ауыздықтағанымен, толық шеше алмайтыны айдан анық. Ендеше, бұндай қайталана беретін, созылмалы дерттен құтылып, ішкі нарықты реттеуде осы салаға қатысты мемлекеттің түбегейлі бетбұрыс жасайтын кезі жетті. Ал бұндай бетбұрыстың бір жолын Мемлекет басшысы  Үкіметке жүктеген тапсырмасында қадап-қадап айтқан болатын. Бұл елдегі мұнай өңдеуші зауыттарды бастан-аяқ заман талабына сай жөндеуден өткізу әрі өндіріс қуатын еселеп арттыруға қатысты шаралар болып табылады. Сондай-ақ  Премьер-Министр Кәрім Мәсімов те ағымдағы жылдың басында еліміздің мұнай саласына инвестиция салу қажет деген ойын жеткізіп еді. Яғни, Үкімет басшысы мұнай саласын - өнімін өткізетін нақты рыногы бар нақты сала ретінде айтып, осы бағытты дамытуға қолдау білдіргендей сыңай танытқан. Шындығында мұнай бағасын әкімшілік тәсілмен ауыздықтай бергеннен гөрі, нақты шараларды атқарудың тиімді болары сөзсіз.

Дәл осы бензин бағасы мәселесін осы аптадағы ҚР Парламенті Сенатының отырысында депутат Қуаныш Айтаханов та көтерген болатын. Сенатордың айтуынша, елімізде жыл сайын 70-75 млн. тонна мұнай өндірілсе, ауыл шаруашылығына қажетті мұнай өнімінің көлемі 2-2,5 млн. тоннаға жуықтайды. Бұл елде өндірілген мұнайдың 3  пайызын ғана құрайды. «Жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру мәселесін түпкілікті шешу үшін елімізде мұнай өндірушілер өндірген мұнайдың 2-3 пайызын Үкімет бекіткен сатып алу бағасымен Мұнай мен мұнай өнімдерінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру қорына алу керек. Яғни, астықтың тұрақтандыру қоры секілді қорға сақтау керек. Ал егіс науқаны кезеңінде делдалдарсыз, тікелей мұнай зауыттарына жеткізіп, одан май құю бекеттері арқылы шаруаларға оңтайлы бағаға сатуға болатын еді», деді Қ. Айтаханов.

Жалпы, еліміздің мұнай-газ саласын дамыту экономиканың басым бағытының бірі, сондықтан да оны басқару барынша тиімді болуы қажет. Сол себепті де алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармаймен тиімді қамтамасыз ету тетіктері әлі де пысықталуы тиіс. 

*                *                  *

Мемлекет басшысы ҚР Парламентінің кезекті сессиясын ашу барысында Үкіметке ағымдағы жыл соңына дейін Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі  стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы мәселе уақытылы шешімін табатын сыңайлы. Жоспар шеңберінде алғашқы бес жылдықтағы еліміздің дамуының мақсаттары мен міндеттерін нақтылайтын маңызды басымдықтар бойынша мемлекеттік бағдарламалар дайындалатын болады. Осылайша он жылдық кезеңге арналған стратегиялық жоспарды жүзеге асыру екі бесжылдық кезеңге бөлінеді.

«Бұл орайда мемлекеттік бағдарламаларды  үш немесе бестен асырмау көзделіп отыр, ал олардың тізімін Мемлекет Басшысы анықтады. Яғни, экономика саласындағы бағдарламалық құжаттарды оңтайландыру күтіп тұр», деді Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев. Оның сөзіне қарағанда,  әзірленетін мемлекеттік бағдарламалардың ішінде 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық тұрғыдан шапшаң даму бағдарламасы ең маңыздыларының бірі болады. Оны осы жылдың соңына дейін аяқтап, Елбасының жарлығымен бекіту көзделіп отыр. Осымен бір мезгілде салалық бағдарламалар мен  жоспарлары әзірленуде. «Атап өтерлігі, мемлекеттік бағдарлама және жаңа салалық бағдарламалар дәйектілігін сақтау мақсатында өзіне бұрын қабылданған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын, кластерлік бастамаларды, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын, Көлік стратегиясын және индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттарды ықпалдастырады. Бұл ретте олардың кемшіліктері де ескерілетін болады. Ықпалдастырылатын құжаттардың жалпы саны 52, олар жойылады», деді Ә. Исекешев.

Сондай-ақ,  Үкімет басшысы К. Мәсімов қазіргі уақытта әзірленіп жатқан индустриялық-инновациялық тұрғыдан шапшаң даму бағдарламасы айтырлықтай жоғары дәрежеде пысықталғандығын атап өтті. «Осы кезеңдер ішінде бізде құжаттар саны көп болды. Қаңтардың 1-інен бастап алдыңғы бағдарламалық  құжаттардың барлығы жойылады. Бізде Мемлекет басшысы бекітетін бас-аяғы 5-7-ден  көп емес құжат болады», деді Премьер-Министр. Жалпы,  экономикамен байланысты дүниелердің барлығы сол құжаттарда көрініс табатын көрінеді. Осылайша бәріне ұғыныңқы  біртұтас жоспар болады әрі елдің болашақ дамуы да осындағы жобалар шеңберінде жүзеге аспақ.

Соңғы жаңалықтар