Жанарбек Әшімжанов: Ұлттық құрылтай - қоғамдық күш

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында еліміздің құндылықтарына негізделген мемлекеттің даму жолы туралы ұсыныстар айтылды. Осы орайда құрылтайдың алдағы жоспары мен оның атқаратын жұмыстары туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Жанарбек Әшімжанов пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылтай мүшесінің айтуынша, аталған консультативтік кеңес алдағы уақытта жастар саясатына аса ден қояды. Депутат 30 жылда осы бағыттағы еліміздің жеткен жетістіктері мен кемшіл түскен тұстарына талдау жасалып, болшақ жол айқындалатынын мәлім етті.

«Менің ой-көзқарасым біздің ұлт ретінде дамуымызға кері әсерін тигізіп тұрған түйткілді мәселелер бар. Бірінші кезекте – ол жастар саясаты. Сосын ұлттық рухты көтеретін жобаларды жүзеге асыру. Енді осы бағыттағы дүниелерді арнайы жұмыс тобы назарға алды. Сонымен қатар ол алаңда негізінен ұлттық бағыттағы дүниелерге көңіл бөлінеді. Ел мен халықтың 30 жылдағы кемшілігі мен жетістігі бар. Қай жерде бізден кінәрәт кетті, қай жерде бармақ шайнайтын жағдайларға жол беріп алдық, деген түйткілдер талқыланып жатыр. Бұл бүгінгі Тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан жастарымыз бен замандастарымыздың мемлекетімізге тигізер пайдасын толық сезінуін қамтамасыз ететін жиын деп ойлаймын», - деді депутат.

Жанарбек Садықанұлы Ұлттық құрылтайда сыртқы саясатқа қатысты мәселелердің талқылануы міндетті емес екенін баса айтты. Оның пікірінше, бұл алаңда мемлекеттің ішкі тұрақтылығына қатысты шаралар қолға алынуы керек.

«Мәселен, ұлттық кино және мәдениет – кенже қалып жатқан тұстарымыз осы ғой. Ал білім, денсаулық салаларына қатысты өздерінің арнайы бағдарламалары бар. Сол арқылы олар кезең-кезеңімен жұмысын істей береді. Ал Үкімет пен қоғам оны бақылап отыруы керек. Сондықтан Ұлттық құрылтай бірінші кезекте халқымыздың белгілі бір идеологиясын қалыптастырып, соны қамтамасыз ететін алаң болса деген ұсынысым бар», - дейді Жанарбек Әшімжанов.

Сонымен қатар, депутат Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынысына, мейрамның тарихи маңызына тоқталды.

«Расында 25 қазан Тәуелсіздіктің декларациясына жасалған алғашқы қадам. Сондықтан бұл күн атаусыз қалмауы керек. Оның ресми мерекелер қатарына енгізілуі - дұрыс шешім. Ал желтоқсандағы мерекеміз біздің ел болу жолында тер төккен ұлттық батырларымызды, саяси қайраткерлерді және рухани тұлғаларымызды ұлықтау мақсатындағы символдық мереке мәртебесінде қалуы керек. 25 қазан Республика күні Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәп-тәуір, елдің еңсесін көтерген жақсы мереке болған. Кейін ол мәнінен айырылды ғой. Сондықтан бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру принцптерін орындау бағытындағы жұмыстардың бірі. Бұл – мерекелер қатарын көбейткен емес. Аталған ұсынысты халық дұрыс қабылдайды, ұлықтайды және оның қадір-қасиетіне жету жолында жастар санасына сіңіреді деген сенімдемін», - деп түйіндеді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Жанарбек Садықанұлы Ұлттық құрылтай әр саланы қамтыған қоғамдық күш болатынына сенім білдірді. Оның сөзінше, аталған консультативтік кеңес Үкіметке, қоғамға және заң шығарушы органға тиісті деңгейде ықпалын жүргізе алатын құзыретке ие.


Соңғы жаңалықтар