Жанарбек Әшімжан: Ақпараттық шекараны қорғау – ортақ міндетіміз

None
Өздеріңізге мәлім, соңғы кездері өмірімізге дендеп енген жаңа медиа, түрлі әлеуметтік желілерде бұқараны жолдан тайдыруға бағытталған жалған ақпараттар тасқыны жиілеп кетті. Түрлі блогерлер мен есім-сойын жасырған әртүрлі акаунттар, жең ұшынан жалғасқан боттар елдің тынышын қашырып, алауыздықтың шоғын үрлеуге жол беруде. Жалған мәліметтер таратып, елдің құлағын көтеріп, мемлекеттің ішкі тұрақтылығын шайқалтуға мүдделі теріс пиғылдылар да жоқ емес.

Қазір бүкіл дүние оттан көйлек киіп тұр. Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бізге сыртқы жау да, ішкі алауыздық та керек емес, біздің бағытымыз бірлік пен тұрақтылық» деп кесіп айтты. Тәуелсіз Қазақ елінің қоғамдық-саяси өмірінде ақпараттық жауапкершіліктің салмағы әрқайсымызды терең ойландыру керек.

Әсіресе, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер мен интернет ресурстар жетекшілерінің мемлекетшілдік жауапкершілігі маңызды. Ел ішін ала тайдай бүлдіріп, бөлшектеуге, алауыздықты қоздыруға, жалған ақпарат таратуға жасалған әрбір қадамға құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілу керек. Мұндай фейк ақпараттар бірінші кезекте қоғамды тұрақсыздандырып, жанжалды арттырып, мемлекеттік аппараттың қалыпты жұмыс ырғағын бұзуға, елдің тынышын қашыруға бағытталатыны даусыз.

Отандық ақпараттық өріске шабуылды ұйымдастыру механизмін типтік деп айтуға болады. Негізінен жалған ақпараттар ең алдымен түбі күмәнді ресурстарда пайда болады, олар негізінен елден тыс жерлерде орналасқан. Іле-шала фейктер барлық ақпараттық пабликтерде және блогерлер мен анонимді телеграм-арналар арқылы жаңа медиада көрсетіледі.

Өкініштісі, фейк ақпараттарды «тарату» процесіне қарапайым желі қолданушы азаматтар да сеніп қалуда. «Жаңалықты» алғаннан кейін олар оны бірден туыстарымен, таныстарымен бөліседі, нәтижесінде қоғам тұрақтылығын бұзуға жасалған теріс әрекеттердің қатысушысы екенін сезінбейді. Сондықтан біз отандастарымызды жалған ақпараттардан сақтандыруымыз керек.

Мынадай қым-қиғаш кезеңде саясаттанушылардың, блогерлердің, журналистердің, түрлі саладағы көш бастаушы азаматтардың бірінші кезекте мемлекеттілікке, ел Тәуелсіздігінің ертеңіне деген жауапкершілігі аса маңызды. Осы себепті, елдегі ақпараттық кеңістіктің шынайылығын, әділеттілігін, тазалығын тұрақтандыру үшін мынадай қадамдар жасау қажет деп санаймыз:

Бірінші, уәкілетті органдар кез келген мәселеге сәтінде құқықтық баға беріп, қоғамды, елді шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, заманауи технологиялар үшін түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде баға беру қажет. Екінші, мемлекеттік органдар ақпарат береді, бірақ оның жиілігі, ең бастысы таралу жылдамдығы жоғарыда сипатталған схемамен салыстыруға келмейді. Сондықтан ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін БАҚ-тардың жұмысын кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек.

Біздің қоғамға әсер ететін ақпараттық соққылардың күшін бағаламау – үлкен қателік. Біздің ортақ міндетіміз – ақпараттық шекараны қорғау, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау.


Фото: 7kun.kz



Соңғы жаңалықтар