Жанар-жағармайдың қымбаттауы жақын арада бағаларға әсер етпейді – вице-министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жанар-жағармай бағасының қымбаттауы ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнына жақын арада әсер етпейді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы жанар-жағармайдың қымбаттауы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әсер етеді. Сараптамалық бағалау бойынша жанар-жағармай бағасының 20%-ға өсуі түпкілікті ауыл шаруашылығы өнімі бағасының 2-5% өсуіне әкелуі мүмкін. Бірақ, қазір көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармайдың қажетті көлемі қарастырылғанын айту маңызды. Бұл 413 мың тонна жанармай, өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық және бағасы нарықтық бағадан 20%-ға төмен. Сондықтан, жанар-жағармай бағасының, атап айтқанда дизель отынының қазіргі қымбаттауы жақын арада бағаларға әсер етпейді», - деді Е. Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер сұрағына.

Бұған дейін Ербол Тасжүреков Қазақстанға автокөлікпен бидай әкелуге неге тыйым салынғанын түсіндірген еді.

10 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрінің «ҚР аумағына бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйырығы күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар