Жанар-жағармайдың акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады
2022 жылғы 12 қаңтар 09:22

Жанар-жағармайдың акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жанар-жағармайдың акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады. Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету бойынша қазір тау-кен металлургия кешеніндегі жер қойнауын пайдаланушылардан түсімдерді арттыруға қатысты тетіктер әзірленуде», - деді министр.

Оның айтуынша, жанар-жағармай нарығында үстеме бағаларға шектеу қою көзделіп отыр.

«Сондай-ақ, мөлшерлемелер қайта қаралады және үстеме баға шектеледі. Бұл сатушылардың қосымша табыстарын бюджетке түсіруге мүмкіндік береді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Еске салсақ, Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев капиталды негізсіз шығаруға қарсы іс-қимыл қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.

«Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес операциялар жүргізуге арналған өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі қабылданды, сондай-ақ күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда, мұндай операциялар жедел тоқтатылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің ең үздік әлемдік практикасына негізделеді және KYC (know your client) қағидаттарын толыққанды енгізеді», -деді Ерболат Досаев.


Jańalyqtar

MURAǴAT