Жанар-жағармай бағасының өсуі мұнай өнімдері өндірісінің төмендеуіне және экспорт көлемінің артуына байланысты

None
None
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Республикадағы жанар-жағармай бағасының өсуі мұнай өнімдері өндірісінің азаюына және оны негізгі  жеткізушілердің экспорт көлемін арттыруына байланысты.    Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің ақпараттық сүйемелдеу басқармасының бастығы Жандос Нұрмахамбетов мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоғары октанды бензиннің көлемі нарықтағы қажеттілікті қамтамасыз етпей отыр. Осыған орай Қазақстан ішкі нарықтағы жалпы көлемінің 30 пайызға тарта жоғары октанды бензинді Ресейден импорттайды»,-деді басқарма бастығы.

Оның айтуынша, экспорт көлемінің артуына байланысты ішкі нарыққа 2,87 миллион тонна жанар-жағармай жеткізілді. Бұл өткен жылға қарағанда 23,7 пайызға кем.

 «Жанар-жағармайға ішкі қажеттілік көлемі импортталатын мұнай өнімдерінің есебінен жабылып отыр және олардың құны әлемдік бағаға байланып отыр. Жыл сайын Қазақстанда өңделген мұнайдың 45 пайызға жуығы Ресейден импортталады»,-деді Ж. Нұрмахамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, осының барлығы отандық мұнай өңдеу зауыттарынан бензиннің жеткізілуі көлемін биылғы жылғы мамыр айымен салыстырғанда маусымда 22 пайызға төмендеуіне әкеп соқты. Әсіресе, бұл Шымкенттің мұнай өңдеу зауытына қатысты болып отыр.

«Осы орайда Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшылығының «ПетроҚазақстан» компаниясы тобының өкілдерімен кездесуі өткізілді. Онда аталаған фактілер талқыланды. Компания өкілдері жетіспеушілікті жою мақсатында ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттерді орындауды бастайтынын мәлімдеді»,-деді Ж. Нұрмахамбетов.

Соңғы жаңалықтар