Жанар-жағармай бағасына қатысты жедел шаралар қабылдануы керек - депутат Е. Әлзақов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерзат Әлзақов Энергетика және минералдық ресурстар министрінің атына сауал жолдап, елдегі жанар-жағармай бағасына қатысты шара қабылдауды сұрады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр 2008 жылдың шілде айында әлемдегі мұнайдың бағасы шарықтап, бір баррелі 147 долларды құрағаны есімізде. Сол аралықта еліміздегі ішкі нарықта бензиннің бағасы да бірге артып, 110-120 теңгеге дейін барған болатын. Ал биылғы жағдайға қарасақ, мұнай бағасы құлдырап, соңғы айларда 67-68 долларды ғана айналшықтап тұр. Дегенмен де, елдегі бензин құны 90 теңгеден төмен түсіп көрген жоқ. Осы саланың кейбір сарапшылары, ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың тапшылығынан баға қымбаттағанын алға тартады. Бірақ, нақты бағаға не әсер еткені әлі терең зерттелген жоқ», деді депутат.

Оның пайымдауынша, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары мен компаниялары бензин мен дизель майын жасанды жолмен тапшы қылып, ішкі нарыққа сатуға құлықсыздық танытып отыр.  Соның салдарынан ішкі нарықта азық-түлік бағасының, жол ақысының күрт өсу қаупі туындауда. Осындай мәселелерді алдыға тартқан депутат, Энергетика және минералдық ресурстар министрінен жанар-жағармай бағасына қатысты мәселенің мәнісін анықтап, тиісті шаралар қабылдауды сұрады.

Соңғы жаңалықтар