Жанар-жағар май бағасы бақылауда – Болат Ақшолақов

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу мәселесі, нақтырақ айтқанда жанар-жағар май бағасы бақылауда. Бұл туралы брифинг барысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде АИ-92 бензинінің орташа құны – 181, АИ-95 – 213, дизель отыны – 230 теңге.

«Біз отын тарату жүйесін жетілдіруді, баға белгілеумен айналысатын өнімсіз делдалдарды жоюды ұсынамыз. Олар – мұнай өңдеуге де, оны тасымалдауға да қатыспайтындар, сондай-ақ бұрынғыдай мұнай базалары, жанар-жағар май құю станциялары жоқтар», - деді энергетика министрі.

Сонымен қатар, ол 180 күндік мораторийден кейін бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін энергетика министрлігі мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы айналымын бақылауға алғанын атап өтті.

Болат Ақшолақов АИ-92 және АИ-93 бензин сұрыптарының бағасы жаппай қатты көтерілмейтінін, өйткені министрлікте бұл мәселе заңнамаға түзетулер енгізілгенге және делдалдарды алып тастағанға дейін реттелетіндігін тілге тиек етті.

«АИ-95, АИ-96 және АИ-98 премиум маркалы бензинге келетін болсақ, оның бағасы негізсіз өспейді. Бұл дизельдік отынға да қатысты. Бұл күзгі жинау науқаны ойдағыдай өтуі үшін жасалып отыр», - деді министр.

Сонымен қатар, энергетика министрі мұнай өнімдерін автомобильмен экспорттауға тыйым салу 6 айға ұзартылғанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар