Жанар Сауранбаева: Дені сау ұлт - мемлекеттің табысты болашағы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дені сау ұлт - мемлекеттің табысты болашағы. Мұндай пікірді Елбасының биылғы Жолдауына орай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басшысының орынбасары Жанар Сауранбаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында маңызды мәселелер көтерілді. Соның бірі - халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру, өмір сүру деңгейін арттыру. Бұл ретте білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй сапасы мен қолжетімділігі және қауіпсіздік мәселелері әрбір қазақстандық отбасы үшін қажетті де маңызды дүние. Ал өзіміз денсаулық сақтау саласында жүргендіктен, Жолдауда бізге қатысты жайттар болса, қалт жібермей отырамыз. Бұл ретте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосуда деуге болады», - деді ол.

Жанар Сауранбаеваның айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру өзекті мәселе және бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы толығымен компьютермен жабдықталып, орта және жоғары санатты дәрігерлерге жаңа медициналық ақпараттық жүйеде қалай жұмыс істеу қажеттігі бойынша арнайы дәрістер өткізілген. Жолдау аясында орталық заманауи диагностика құралдарымен жабдықталып, бүгінде диагностикалау жұмыстарын жетілдіре түсті. Сол арқылы науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге қол жеткізіліп отыр.

«Президенттің бұл жайтты маңызды мәселе ретінде көрсетуі бекер емес. Демек, денсаулық сақтау саласына енгізілгелі отырған жаңа жүйе медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттырып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттануына ықпал етері сөзсіз. Сөйтіп, бірте-бірте еліміздегі медициналық қызмет сапасы жақсара түседі», - деді орталық басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол Жолдауда айтылған тағы бір өте өзекті мәселе - 2019 жылы елордамыз Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысының басталуы екендігін айтты.

«Елімізде жаңа, медицина нысандары заманауи озық медициналық технологиялармен жабдықталған. Елбасы атап өткендей, соның ішінде лазерлік, сәулелік, жасушалы-иммунді терапия және өзге де заманауи әдістер қолданылатын клиниканың болуы маңызды. Өкінішке орай, қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурулар жүрек ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Жаңа орталық ашылса, жүздеген адамның өмірін арашалап қалуға мүмкіндік туар еді. Әрине, елімізде мұндай дертке шалдыққандар саны азайып, халқымыздың еш уайым-қайғысыз өмір сүргені бәрімізге керек», - деді Ж.Сауранбаева.

Соңғы жаңалықтар