Жанар Дүрмекбаева: Мұғалімнің бойында оқушыға деген махаббат болуы керек

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның математика пәнінің мұғалімі Жанар Дүрмекбаева биылғы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанды. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ол осындай жетістікке қалай қол жеткізгенін айтып берді.

- Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңізден бастасақ.

- Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Саржал ауылында дүние есігін аштым. Бірақ өскен жерім – Қарауыл. Сондағы Абай атындағы орта мектепте білім алдық. Содан кейін Семей шаһарында орналасқан Крупская атындағы педагогикалық институтқа физмат факультетіне түстім.

- Ұстаздық жолға қалай келдіңіз ?

- Ұстаздықтың ұлы жолына жолдама алған күн ‒ мен үшін ұмытылмайтын ерекше күндердің бірі. Содан бері уақыт еншісіне бағынған ұстаздық еңбек жолымның отыз жыл күз, қыс, көктем, жазы өткен екен. Еңбек адамды өсіреді, көпті көруге тәрбиелейді және биік белестерді бағындырып, алға қарай жетелейді. Еңбегіңнің жемісін көріп, марапатын алудың өзі ‒ бір ғанибет. Мен үшін ең үлкен марапат ‒ шәкірттерімнің кіршіксіз таза жүректерінен шыққан алғысы, құрметі.

Дегенмен қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұзақ жылғы ұстаздық еңбегім нәтижесіз болған жоқ. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Bilim оrkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, түрлі Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталып, педагог-шебер дәрежесіне көтерілдім.

Әр ісіңді нәтижеге бағыттап, жоспарлы түрде орындасаң, жетістіктің де желкені желбіреп, еңбегіңнің ақталары сөзсіз. Соның айғағы ретінде республиканың әр өңірінен келген педагогтердің инновациялық әлеуетін, зерттеушілік қабілеттерін дамыта отырып, тәжірибе алмасу мақсатында өткен түрлі конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болдым.

- Математика пәнін таңдауыңызға не себеп болды ?

- Бала күнімен математикаға деген құлшынысым ерекше еді. Осы пәнге қатты қызығып, сабақты үнемі күтіп жүретінмін. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін еш ойланбастан математиканы таңдадым.

- Жетістікке жеткен шәкірттеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

- Мұғалім жұмысының жемісі – оқушысының жетістігі. Ал оқушының жетістігі – білімде. Білімнің сыналар шағы – оқушының олимпиадаларға, сайыстарға, ғылыми-практикалық конференциялар, ғылыми жобалар мен конкурстарға қатысуы. Өткен оқу жылында оқушыларым Ә.Мағазбеков пен А.Темирханова республикалық ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінде І орын, республикалық кезеңінде ІІІ орын – қола медаль, халықаралық кезеңде ІІ орын – күміс медаль иеленді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден өткен Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде 4 оқушым І орын, республикалық кезеңінде 2 оқушым ІІІ орын жеңімпазы атанып, қола медаль иеленді.

Еліміздің болашағы – жастар. 30 жылдық еңбек жолымда қанаттарын қатайтып ұшырған қаншама шәкірттерім бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада ел игілігі үшін еңбек етуде. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің гүлденуі жолында болашақ ұрпақтарымыз саналы да сауатты болуы шарт, ал осындай тұлғаны қалыптастыратын ‒ біздер, яғни ұстаздар қауымы. Ел болашағының іргетасын қалайтын жеткіншектерді білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз болғанымды мақтан тұтамын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», ‒ деп Абай айтқандай, әлі де талай шәкірттің санасына білім дәнін егіп, болашақ өмірлеріне шуақ сыйлағым келеді.

- Ұстаз үшін ең басты қасиет не деп ойлайсыз ?

- Ең алдымен мұғалімнің бойында оқушыға деген махаббат болуы керек. Ұстаз бен баланың арасында байланыс, ауызбіршілік орнауы тиіс. Жақсы педагог оқушының бойындағы қабілетті, қасетті көре білуі қажет.

- Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерге көп көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Өзіңізге соның нәтижесі қаншалықты білінуде ?

- Қазір ұстаздық мамандықтың мәртебесі көтерілді. Осы салаға тартылып жатқан жастардың саны да артып келеді. Заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің еңбегі бағаланып, артық жұмыстан арылды. Өзіміз де соның игілігін көріп жатырмыз. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің түрлі бастамалары мен жаңашылдықтарын құптаймын. Мұғалімдерге көп көңіл бөліп жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына да ризашылығымды білдіремін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!




Соңғы жаңалықтар