Жаңаөзендік тәрбиеші ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесуде

None
None
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Теңге ауылының балабақша тәрбиешілері мүгедек балаларға қамқорлық танытуда. Бар ынта-жігерін бала тәрбиесіне арнап жүрген олар «Теңге» бөбекжай бақшасында еңбек етеді.

«Отбасылық тәрбиеші» жобасы бүгінде кеңінен қолданыс табуда. Біз осындай балабақша тәрбиешілерінің бірі Мәдина Шамурадовамен сұхбаттастық.

- Осындай орталық құру идеясы қалай туды?

- Өзіміз күнде балалармен жұмыс істейміз. Оларға тәлім-тәрбие беріп, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, оң мен солың танытуға тырысамыз. Сонда осының бәрінен тыс қалып жүрген балалар да бар ғой деп ойладық. Әріптестеріммен оларға да қол ұшын созайық деп шештік.

- Zhas Project жобасы жайлы қайдан білдіңіз?

- Біздің балабақша меңгерушіміз елімізде Zhas Project жобасы жүзеге асырылып жатқанын, оған біздің де қатыса алатынымызды айтты. Сонда біз сал ауруына шалдыққан, жалпы, мүгедек балаларға көмектесу мақсатында тиісті жобаны әзірлей бастадық. Қаражат уақытылы бөлінді. Содан кейін жергілікті әкімдіктен мүгедек балалардың тізімін алып, ата-аналармен байланысқа шықтық. Олар біздің ұсынысымызды қуана қабылдады. Бөлінген қаржыны оқу барысында қажет болатын жабдықтарға жұмсадық. Мысалы, оқу құралдарын, ойыншықтар сатып алдық. Сонымен қатар, балалардың денсаулығын жақсарту үшін массаж жасайтын арнайы кілемшеміз де бар. Алдағы уақытта түрлі түсті принтер, балаларға сыйлықтар алуды ойластырып жүрміз.


- Командаңыз жайлы айтып өтіп, жобаны жүзеге асыру барысына тоқталсаңыз.

- Жоба үш айдан бері жүзеге асырылып келеді. Слув Клычева, Құндыз Иманбаева және мен аптасына екі рет балаларды үйлеріне барып оқытамыз, олармен түрлі ойындар ойнап, көңілдерін көтереміз. Қазіргі кезде қамқорлығымызға 9 баланы алдық. Бүгінде олардың дамуында ілгерілеу байқалады. Оқыту барысында интеллектуалды дамыту, Монтессорри әдістерін қолданамыз.

- Жобаның әлеуметтік маңыздылығы неде? Кімге көмектесесіздер?

- Жобамыз мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмектесуге бағытталған. Балалар бізге үйреніп қалды, алдымыздан шығып, қарсы алады, тіпті, қолына қалам ұстай алмайтын балалар қазір соны да үйренді. Ата-аналар да мәз, олар шаруаларын жасап үлгереді. Негізінен, бұл – 5-6 жастағы балалар. Дамуында ауытқуы бар, құлағы естімейтін немесе жүре алмайтын балалар. Оларға барлығын ойын түсіндіріп, кейін тапсырмалар береміз.



- Орталық қайда орналасқан?

- Орталықтың арнайы ғимараты жоқ. Біз әр баланың үйіне барамыз. Онымен өз үйінде, үйреншікті ортада кездесеміз. Ал, байланыс номері 8747 457 06 45.

- Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

- Алдағы уақытта мүгедек емес, дамуында ақауы бар балаларға арналған орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Олармен интеллектуалды ойындар ойнап, күнделікті сабақ өткізбекпіз. Басты мақсатымыз -осындай ерекше балаларға барынша көңіл бөліп, бізбен қатарлы жан екендерін сезіндіру, ата-аналарға қолдау көрсету.


- Қалай ойлайсыз Zhas Project жобасының маңыздылығы неде? Артықшылығы бар ма?

- Жастар жылы аясында өңірімізде іске асырылып жатқан Zhas Project жобасының пайдасы зор. Ол арқылы жастар мүгедек, жағдайы төмен отбасыларға көмектесе алады, жаңа жұмыс орындары ашылады, бизнесті дамытуға қолғабыс алып, қолдау табады . Қазіргі кезде, жалпы, жұмыс табу қиын ғой. Ал, Zhas Project жобасы жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осындай жобаны әзірлеп, іске асырған ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз.

Zhas Project жобасы туралы толық ақпарат.



Соңғы жаңалықтар