Жаңаөзендік ІТ маман ойлап тапқан мобильді қосымшаның игілігін халық көріп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Балийханов 2017 жылы мобильді қосымша ойлап тауып, бүгінде оны 30 мың адам қолданып жүр. Отандық жас маманның ІТ жобасы бүгінде Маңғыстау, ШҚО және Атырау облысында кеңінен сұранысқа ие. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жаңаөзендік ІТ маманды әңгімеге тартқан еді.

«Мен Өзбекстанда дүниеге келдім. 2007 жылы отбасым Жаңаөзен қаласына көшіп келді. Сол жерде орта білім алып, Алматы қаласындағы халықаралық бизнес университетінде ІТ мамандығын меңгеріп шықтым. 2015 жылы Нұрсұлтан есімді серіктесіммен бірігіп Жаңаөзен қаласында ІТ компания аштық. Бастапқыда түрлі тендерлерге қатысып, ұтып, тапсырыс алып жүрдік. Яғни, мектептердің ресми сайтын жүргізу, бейнебақылау жүйесіне қолдау көрсету, тағы сол сияқты. Кейін келе өзіміздің бірнеше ІТ жобамызды қолға ала бастадық. Бірақ, өкінішке қарай біздің жобалар сәтсіз болып, жүзеге аспады. Мысалы, соның бірі инновациялық коммуналдық есептеу жобасы. Коммуналдық қызметке қатысты. Біз 8 бойы пилоттық жоба ретінде іске асырдық, бірақ бізді қолдамады, солайша жобаны жабуға тура келді», - дейді Нұрсұлтан Балийханов.

2017 жылы жаңаөзендік ІТ маман серіктесімен бірге «All Food» атты мобильді қосымша жасап шығарады.

«Бұл мобильді қосымшаны Жаңаөзендегі дәмхана, мейрамхана иелерінің тапсырысы бойынша әзірледік. Қосымшаны жасамас бұрын дәмхана, мейрамхана иелерімен ақылдасып, зерттеу де жүргіздік. Нәтижесінде бүгінге дейін табысты іске асып келе жатқан ІТ жоба болды. «All Food» мобильді қосымшасы арқылы қаладағы кез келген дәмхана, мейрамханадан тамақ тапсырыс беруге болады. Ол жерде тамақтану орындарының атауы, мекенжайы, мәзірі, бағасы, тіпті тағамның құрамына дейін жазылып тұрады. Үйде отырып қалаған дәмханадан, қалаған тамаққа тапсырыс бере аласыз. Яғни, біздің мобильді қосымшаның артықшылығы - барлық процесс автоматты түрде жүзеге асады. Және дәмхана иесі де, клиент те уақыт жоғалтпайды», - дейді ол.

Автордың айтуынша, уақыт өте келе мобильді қосымшаны қолдану аясы кеңейе бастаған.

Осылайша қазіргі таңда Маңғыстау, ШҚО және Атырау облысындағы 200-ге жуық дәмхана иелері ІТ жобаның игілігін көріп отыр.

«2019 жылы Ақтауда ІТ жобалар байқауы өтті. Біз сол байқауда бас жүлдені жеңіп алдық. Мобильді қосымша қолданушылардың қатары күн санап артып келеді. Былтыр пандемия басталғанда Құлсары, Бейнеу қаласының нарығына шықсақ, биыл қатарымыз Семей қаласымен толықпақ. Қазіргі күні 30 мың адам біздің мобильді қосымшаны қолданып жүр. Тағы бір жайт - қосымшада дәмханалардың рейтингі көрсетілген және қолданушы тапсырыстан кейін баға беріп, ұнады немесе ұнамады деген пікір қалдыра алады. Алдағы жоспарымыз - осы жобаны одан әрі дамытып, еліміздің басқа да өңірлеріне тарату», - дейді ІТ маман.


Соңғы жаңалықтар