Жаңаөзенде жол апатынан бес адам қаза тапты
Ведомствода хабарлағандай, Lexus және BMW автомобильдерінің соқтығысуы «Самал» шағынауданы аумағындағы тасжолда кеше сағат 04.30-да болған.
«Апат салдарынан 5 адам қаза тапты. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Журналистер жол апатында қаза тапқан бір жолаушының туыстарымен байланысты.
«Әр көлікте үш адамнан отырған. Lexus көлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кетпекші болған. BMW жүргізушісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді», - деді қаза тапқан 22 жастағы бойжеткеннің туысы.
Жаңаөзен ауруханасынан хабарлағандай, зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде. Оның жағдайы тұрақты ауыр. Ер адамның қай көлікте болғаны белгісіз.