Жаңаөзенде түлектер көліктің терезесінен денесін шығарып көше аралады

None
Видеодан алынған кадр
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде жаңаөзендік мектеп түлектерінің жүріп бара жатқан көліктің терезесінен денесін шығарған бейнежазбасы тарады. Жасөспірімдерді мінгізіп, жол қауіпсіздік ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 30 мамыр күні Жаңаөзен қаласының Ақсу шағынауданындағы тасжолда болған.

«Daimler Chrysler» маркалы автокөлігінің жолаушылары қауіпсіздік белбеуін тақпай, заңбұзушылыққа жол берді.

Жаңаөзен қаласының полицейлері көлік жүргізушісінің жеке басын анықтап, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 593-бабы 2-бөлігімен хаттама толтырды.

Ал «Mercedes Benz E 320» автокөлігінің жүргізушісінің бірден екі құқық бұзушылық жасағаны белгілі болған.

«Ол Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 614-бабында көзделген ережелерді елемей, көлік басқару кезінде жол қозғалысының өзге қатысушыларына қасақана кедергі келтірген. Жол сақшылары 21 жастағы азаматты осы бап бойынша жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар артқы орындықтағы жолаушының қауіпсіздік белбеуін қолданбағаны анықталып, ол аталған кодекстің 593-бабы 3-бөлігімен жазаланатын болды» делінген хабарламада.

Артқы орындықтағы жасөспірімдер терезеден денесін шығарған «BMW 5251» маркалы автокөліктің жүргізушісі де заң негізінде жауапқа тартылған.


Соңғы жаңалықтар