Жаңаөзенде ПТР зертханасы ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қалалық ауруханасында жаңа мемлекеттік ПТР зертханасы ашылды.

Лабораториялық орталық тәулігіне 300 анализ қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстық обаға қарсы күрес станциясының базасында жылжымалы («КАМАЗ» жүк көлігінің үстінде) ПТР зертханасы да бар. Бұл зертхана әлі қолданылмады. Қажеттілік туындаған жағдайда жүрмелі аппарат кез-келген ауданға жіберіледі.

Өңірде 2 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, ПТР тәсілімен мемлекеттік және жекеменшік зертханаларда (барлығы - 5) 175 853 (бір күнде 1055 анализ) адам тексеріліп, оның 3435 оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 21955 тест сынамасы бар.

Облыста 17 тамыздан бастап 24 мониторинг тобы құрылды. Бүгінгі таңда мониторинг тобы 837 рейд жүргізіп, 2475 нысан тексерілді. Рейд барысында 142 нысанда бұзушылықтар анықталып, 114 (16 жеке кәсіпкер, 97 жеке тұлға, 1 заңды тұлға) әкімшілік хаттама (9 млн. 431310 тг.) толтырылды.

6-қазаннан бастап, Өзбекстанмен шекаралас жатқан «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы 10132 автокөлік және жаяу жолаушылар кірді. Оның ішінде: Транзиттік автокөлік 9598, Қазақстан Республикасына 221 автокөлік, 309 жолаушы (71 жолаушы ПТР анализсіз, ал 238 жолаушы ПТР анализімен), 4 транзиттік жолаушы өтті. Тексерілген 71 азаматтың ішінен 2-нен оң нәтиже анықталды. Екеуінде де вирустың шағымсыз түрі болғандықтан, олар үй карантиніне алынды.

Ақтау халықаралық әуежайы арқылы шет елдерден 1826 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 164 жолаушыда ПТР анализі болмауына байланысты, олар оқшауға алынып, коронавирусқа тексерілді. Қорытындылары теріс.

«Тағы бір айта кететін мәселе – жақында өңірдегі карантин шараларын жеңілдету бойынша министрлікке хат жолданды. Алдағы уақытта нақты шешім қабылданған жағдайда, хабарлайтын боламыз», - деді Ғазиз Надуев.

Баспасөз конференциясында Маңғыстау облыстық модульді стационардың басшысы Шайахмадин Берқалиев те қатысты.

Оның мәліметінше, медициналық орталықта 18 науқас ем алып жатыр.

«Орталықта 24 сағат бойы қызмет көрсететін рентген кабинеті мен КТ бөлмесі бар. Жансақтау бөлімінде екі медициналық-медбикелік бекет, 2 санитарлық бекет және 1 дәрігерлік бекет жұмыс істейді. Күндіз жансақтау бөлімінде 2 реаниматолог дәрігер қызмет атқарады. Инфекциялық бөлімде 11 науқас жатыр. Оттегі аппаратына орташа жағдайдағы 4 адам қосылулы. Модульді стационарға негізінен, 55 жастан жоғары адамдар түсіп жатыр. Науқастар жағдайының нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп», - деді Шайахмадин Берқалиев.


Соңғы жаңалықтар