Жаңаөзенде Қазақ газ өңдеу зауытының құрылысы қашан басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңаөзен қаласында Қазақ газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық биылғы жыл соңында басталып, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 5 қаңтардағы кеңесте берілген тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газын сату бағасын уақытша мемлекеттік реттеу енгізілді.

Осыған байланысты жобаны іске асыру оң экономикалық нәтиже берген жоқ. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, мынадай іс-шараларды пысықтады: pre-FEED және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді (ТЭН); ТЭН бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша қорытындысы алынды; қордың кепілдігімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның қарыз беруін мақұлдау, сондай-ақ қордың инвестициялық-стратегиялық комитетінің жобаны іске асыру туралы оң шешімі қабылданды», - делінген Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес жобаны іске асыруды жеделдету мақсатында қор егжей-тегжейлі жол қартасын әзірлегенін атап өтеді. Онда құрылысты 2025 жылы аяқтау көзделген.

«Қазіргі уақытта «ҚазГӨЗ» ЖШС «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС-мен бірлесіп, жобаның құрылысы бойынша қызмет көрсетушіні анықтау үшін тендерлік рәсімдер жүргізуде. Бұл ретте қордың ақпараты бойынша осы жылдың соңына дейін жоба бойынша құрылыс жұмыстарына дайындық басталатын болады», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар