Жаңаөзен маңындағы Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында бір мезетте 50-ге жуық науқасты қабылдай алатын дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осылайша 7 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл халқына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тамаша тарту жасалды.

Медициналық нысан заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

Пациенттер ультрадыбыс, рентген зерттеулері мен зертхана және тіс емдеу кабинетінің қызметтерін пайдалана алады.

40-тан астам кабинет жұмыс істейді. Орталықта 26 маман еңбек етеді. Жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілген.

Жаңа амбулатория ашылғанға дейін жергілікті тұрғындар апатты жағдайда тұрған ғимаратқа келіп, дәрігерлерге қаралатын.

Жаңа жобаға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қаражат бөлініп, 2020 жылдың соңында құрылыс жұмыстары басталған.

Бүгінгі таңда Қызылсай ауылдық амбулаториясында 5088 адам тіркелген.

- Дәрігерлік амбулатория Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске қосылды. Ауыл халқының өсімі мен бала туу көрсеткішін ескере отырып, осы жобаны жүзеге асырдық. Енді Қызылсай ауылының тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады, - дейді Жанаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.


Соңғы жаңалықтар